СҚО келген дәрігерлерге берілетін көтермеақы мөлшерін екі есе арттырды
СҚО-ның емдеу мекемелері биыл 200 маманмен толықты. Солтүстік Қазақстан облысында қараша айынан бастап келген дәрігерлерге берілетін бір реттік көтермеақы мөлшері өсті. Енді білікті маман ауылға барған жағдайда 5 млн, Петропавлда қалған жағдайда 3,5 млн теңге алады, деп хабарлайды Kazinform.
Сәуір Тоқтарбай - Астана медициналық университетінің түлегі. СҚО облысы әкімінің грантымен резидентурада анестезиолог-реаниматолог мамандығын алды. Петринаталдық орталықта жұмыс істеп жатқанына 3 ай болды.
«Маған бұл жер ұнайды, тиянақты жұмысты, жауапкершілікті талап етеді. Ұжым да жақсы қарсы алды. Бүгін денсаулық сақтау басқармасы 3,5 млн теңге, облыстық аурухана 3 млн теңге көтермеақы берді. Бұдан бөлек аурухана ай сайын 50 мың теңге жалға алған пәтеріміздің ақшасын төлейді. Қазір дәрігерлер үйінен пәтер алуға кезекте тұрмын. Облыста бес жыл істеуге міндеттімін. Отбасым бар. Зайыбым да медицина қызметкері, қазіргі уақытта Назарбаев университетінде білім алып жатыр», - дейді жас маман.
Реанимация бөлімшесінде 9 анестезиолог-реаниматолог жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы екі жылда қатарға қосылды.
«Жас мамандардың келгеніне қуаныштымыз, олар жаңашылдыққа, білмекке құштар. Өйткені анестезиология-реанимация бір орында тұрмайтын сала», - дейді бөлімше меңгерушісі Динара Рахметова.
Биыл СҚО-да медициналық қызметкерлерге берілетін көтермеақы өсті. Бұрын ауылға барса 2,5 млн, қалада қалса 1,5 млн теңге алатын. Енді елді мекенді таңдағандарға 5 млн, Петропавлға келсе 3,5 млн теңге беріліп жатыр.
«201 дәрігер келді, 133-і бір реттік көтермеақы алды. Ол үшін дәрігер өтініш беруі тиіс, кейін комиссия қарап, шешім шығарады. СҚО бойынша кадр жетіспеушілігі мәселесі осылайша шешімін тауып жатыр. Қазіргі уақытта 140 маман жетіспейді. Былтыр 280 дәрігер керек болатын. Бұл проблема көтермеақы мөлшерін арттыру нәтижесінде шешіліп жатыр. Сондай-ақ егер ерлі-зайыптының екеуі де дәрігер болса, пәтер ақысын толық төленеді. Тек біреуі ғана медицина қызметкері болған жағдайда 50% өтеп береміз», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тағаниязов.
Басқарма өкілінің айтуынша, дәрігер ауылға барған жағдайда жергілікті әкімдік үймен қамтиды. Емдеу мекемелері өздері де қосымша қаржылай қолдайды.
«Былтыр еліміздегі алты медициналық университет түлектерімен кездестік. Нәтижесінде жастарға біздің ұсынысымыз ұнап, келіп жатыр. Қазіргі уақытта акушер-гинекологтар, кардиологтар, онкологтар және хирургтар керек. Жергілікті бюджет есебінен қазіргі уақытта 30 резидент білім алып жатыр. Келесі жылы облыстық бюджет есебінен білім алған 50 маман оқу бітіріп келеді», - дейді Нұржан Тағаниязов.