СҚО: кейбір елді мекендерден тұрғындар эвакуацияланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 3 аудан мен Петропавл қаласын су басу қаупі әлі жоғары. Бұл туралы СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары орынбасары, подполковник Мұрат Қанғожинов айтты. 

көшіру
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Солтүстік Қазақстан облысы аумағында да су тасқыны қаупі сақталып отыр. Қазіргі уақытта «Сергеевка» су қоймасының толуы 170 пайызды құрайды. Қойма ернеуінің судың асып төгілуі – 395 см. Дәл осы асып-төгілу Шал ақын, Есіл, Қызылжар және Павлодар қаласын су басу қаупін төндіріп тұр. Су басу қаупі бар елді мекендерде халықты жаппай хабарландыру, сонымен қатар дер уақытында эвакуациялау жүргізіліп жатыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, өңірдегі қар жамылғысы 15 пайызға дейін жетеді. Өңірде Түркістан, Қарағанды, Павлодар Ұлытау облыстарының, Астана және Алматы қалаларының ТЖД мамандары, Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің күштері жұмыс істеп жатыр. Жолдардың 17 учаскесін су басу қаупі бар. Жол төсемінің 8 учаскесінде қазу жұмыстары жүргізілді.

«Суды сору жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 682 мың текше метр су сорылды. Арықтарды тазарту, каналдарды кеңейтіп, тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар дрондар мен тікұшақтардың көмегімен әуеден бақылау жүргізілуде. Петропавл қаласы мен елді мекендердің айналасындағы қорғаныс бөгеттері күшейтілуде», - деді департамент бастығының орынбасары.