СҚО Қызылжар ауданында тасқында зақымданған 320 үй апатты деп танылды

СҚО
Фото: «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Большая Малышка елді мекенінд көктемгі тасқын кезінде 321 үй су астында қалды. Оның 66-сы апатты деп танылған.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода Большая Малышка елді мекенінде болып, тұрғындардың сауалына жауап берді. Үйлері апатты деп танылғандардың бір бөлігіне баспана ауданнан алынса, енді біріне облыс орталығында салынып жатқан үйлердің кілті табыс етілмек. Павел Вожжовтың үйі де тасқын кезінде зақымданды. Айтуынша, су бір айға жуық уақыт тұрған. Қазір баспанасы жөнделіп жатыр. 

СҚО
Фото: «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметі

«Менің үйімді қалпына келтіруге 5 млн 700 мың теңге бөлінді. Оның жартысы материалға жұмсалса, қалғаны баспананы жөндеп жатқан жұмысшыларға төленеді. Шілде айының соңында жұмыс аяқталады. Жалпы өтемақының мөлшері көңілімнен шықты», - дейді Павел Вожжов.

Алайда сарапшы-бағалаушының қорытындысымен келіспегендер де бар. Мәжілісмендерге осы проблема бойынша халық көп сауал жолдайды екен. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендер сметалық құжатты қайта қарау, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжаттардың болмауы сияқты мәселелерді шешуге көмектесуді сұрайды. 

СҚО
Фото: «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметі

«Облыста тасқыннан зардап шеккендердің 90 пайызы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының тұрғындары. Су тасқыны кезінде біз өтемақыны өтеу ережелеріне терең үңілдік. Ол жерде өтемақы тек тұрғылықты жері бойынша тіркелгендерге ғана төленеді деп жазылды. Біз бұны дұрыс емес деп санап, өз атымнан депутаттық сауал жолдадым. Қазір бұл тармақ алынып жатыр», - дейді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Большая Малышка елді мекенінде 900 адам тұрады. Қазіргі уақытта ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Қызылжар ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданында су тасқынында барлығы 1546 үйге зақым келді. Қазіргі уақытта оның 320-сы апатты деп танылған. 

СҚО
Фото: «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметі

Бұған дейін Петропавлдағы «Қарасай» стадионында жөндеудің екінші кезеңі басталғанын жазған едік. 

СҚО
Фото: «AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар