СҚО қылмыстық атқару жүйесінде тәуелсіздіктің 26 құрдасы еңбек етеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде ел Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, 45 қызметкер түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қылмыстық атқару жүйесінде тәуелсіздіктің 26 құрдасы еңбек етеді

СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ведомствода салтанатты іс-шара өтті.

Департамент қызметкерлері мемлекеттік награда - «Халық алғысы» медалімен, Ішкі істер Министрінің, ҚАЖ Ккомитеті төрағасының, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің және СҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен, «Мінсіз қызметі үшін» дәрежелік медалімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Еңбегі еленгендердің бірі - СҚО бойынша ҚАЖД арнайы есеп тобының бас маманы Гүлжан Абканова.

Көп жылғы адал қызметі үшін қызметкер өңір басшысының Құрмет грамотасын алды. Жалпы бұл күні 45 маман түрлі марапатқа ие болды.

«Елдегі тұрақтылықты қалыптастыруда, дамытуда және сақтауда маңызды рөл ішкі істер органдары жүйесіне берілген. Сондықтан біз елдің тағдыры, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі, болашақ ұрпақтың қалыптасуы ішкі істер органдары қызметінің нәтижелілігіне, олардың жауапкершілік дәрежесіне байланысты екенін сезінуіміз керек. Тәуелсіздік Қазақстан халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін нығайтты. Мемлекеттің егемендігі біздің барлық жетістіктеріміздің берік негізіне айналды», - деді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде бүгінде 461 қызметкер еңбек етеді, оның 153-і – әйел.

Ал 26 маман – Тәуелсіздіктің құрдастары.