СҚО қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері балалар үйінің аумағын абаттандырды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық балалар күніне орай қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бірқатар қайырымдылық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Департаменттің және бағынысты мекемелерінің жеке құрамы алдымен Петропавлдағы балалар үйінде болды. Бұл мекемеде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 жасқа дейінгі сәбилер тәрбиеленеді. Жылда түрлі сыйлықпен келетін қызметкерлер бұл жолы балалар үйінің аумағын абаттандыру туралы шешім қабылдады. Мамандар балалар алаңындағы әткеншектерді сырлап, жөндеп, аумақтағы шөпті шапты, ағаштарды ақтауға көмектесті.

«Бұл бүлдіршіндер ана мейірімін көрмей өсіп келеді. Біз тәтті сыйлық әкеліп, балаларды ойнатып, аз да болса жылулық беруге тырысамыз. Балалар үшін әлем қазір ертегі сияқты, олар армандап, оның міндетті түрде орындалатынына сенеді. Ал, біз ересектер оларды осы сенімнен айырмай, қамқорлық көрсете білуіміз қажет», - дейді СҚО ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесі бастығының орынбасары Рүстем Рахметов.

Ал, Петропавл пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері есепте тұрғандардың балаларына мереке ұйымдастырды. Сурет байқауын өткізіп, әртүрлі ойындар ойнатты. Байқау соңында балалардың бірі «Лезгинка» билеп, осылай өз алғысын білдірді. Бүлдіршіндерге кеңсе тауарлары, тәттілер мен шарлар үлестірілді.

Сонымен қатар, ЕС-164/6 мекемесінің қызметкерлері отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды. Тәтті сыйлықтар әкеліп, киім-кешек тарту етті. Оның ішінде жазасын өтеп жатқан әйелдердің балаларға арнайы тоқыған қолғап, шұлықтары да бар.

Мереке күні қызметкерлердің балалары да назардан тыс қалмады. СҚО бойынша ҚАЖД мамандары балаларымен бірге отбасылық демалыс ұйымдастырды. Әсіресе, бүлдіршіндер уақытының көп бөлігін жұмыста өткізетін ата-аналарының күні бойы қастарында болғанына қуанды.


Соңғы жаңалықтар