СҚО: Мамлютка қаласында «Парасат жолы» орталығы ашылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен «Парасат жолы» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, «Парасат жолы» орталығы Мамлютка қаласының кітапханасында орналасқан. Қазір өңірде осындай 15 орталық болса, соның 13-і аудан орталықтарында жұмыс істеп жатыр.
Жаңа орталықтың ашылуына СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов және ауданның зиялы қауымы қатысты.
«Бұл орталық әр адамға қолжетімді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды әзірлеп, өткізуге болатын ашық алаңға айналады. Сондай-ақ, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ақпараттық, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі», - дейді Жарқын Ғалымов.

Департамент басшысы Жарқын Ғалымов «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдады. Халыққа қызмет көрсету орталығының филиалына барды. Аудан активімен кездесті.
«Мамлют ауданына былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізуге 140 мың теңге бөлінді. Алайда барлық бөлінген қаражат бір семинар өткізуге жұмсалды. Мұндай семинарларды департамент қызметкерлері тегін және тұрақты негізде өткізетінін ескере отырып, бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлуді орынсыз деп санаймын», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі.
Жиын барысында аудан әкіміне «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасына жауапты тұлғаны қайта қарау ұсынылды.
«Жоба тұжырымдамасы бойынша бұл белсенді азаматтық ұстанымы бар қоғамдық жұмыстарға жақын тұлға болуы тиіс. Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру мемлекеттік құқық бөлімінің маманына жүктелген», - деді Жарқын Ғалымов.


