СҚО МӘМС-ті енгізуге техникалық тұрғыдан толық дайын

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласына жаңа жүйені енгізу үшін 100% компьютерлік техникамен жабдықталды.

СҚО МӘМС-ті енгізуге техникалық тұрғыдан толық дайын

Өңір жаңа жылдан бастап жүзеге асатын міндетті медициналық сақтандыруға техникалық жағынан толық дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, өңірде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде биыл 53 медициналық ұйым қызмет көрсетеді, оның 23-і жеке меншік. Осы жылы жасалған шарттардың сомасы 32 млрд теңгеден асады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстың медицина ұйымдарына халыққа көрсеткен қызметі үшін 26 млрд-тан астам теңге төледі, бұл медициналық көмек көрсетуге жасалған шарттар сомасының 84%.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзіне қарағанда, өңір медициналық сақтандыруды енгізуге техникалық тұрғыдан толық дайын.

«МӘМС енгізуге техникалық дайындық 100% құрайды. Барлық облыстық, қалалық емханалар, аудандық емдеу мекемелері компьютерлік техникамен жабдықталды. Барлық медициналық ұйымдар »Saqtandyry« ақпараттық жүйесіне қосылды, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері енгізілді, - деді Құмар Ақсақалов.

»Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры« КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың мәліметіне қарағанда, облыс бойынша медициналық сақтандыру қорына 5 млрд-тан астам теңге жарналары мен аударымдар түскен. Бұл қаражат 166 мың жалдамалы қызметкер үшін салынған. Өңірде медициналық көмекпен қамту 87% құрайды және облыс халқының 13% немесе шамамен 75 мың адам »шартты түрде сақтандырылмаған« болып есептеледі.