СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жасанды интеллекті бар бақылау жүйесі 44 білім беру мекемесінде жұмыс істеп тұр. 

СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артты
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Солардың бірі — Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы № 3 орта мектеп. Былтыр еліміздің 100 үздік мектебі қатарына енген білім ордасында балалардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған.

— Балалардың қауіпсіздігі үшін ақпараттық бағдарламалық кешен алғашқылардың бірі болып біздің мектепке 2023 жылы орнатылды. Ерекшелігі — балалар бет әлпеті арқылы да, саусағының ізімен де және картамен де кіре береді. Бөгде адам келсе де, камера жазып алып, жазба бір апта сақталады. Тек базада бар адамдар ғана ішке кіре алады, — дейді мектеп директоры Айдар Сұрағанов.

СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артты
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Үш деңгейлі аппараттық кешендегі жасанды интеллект баланың көңіл күйін де қалт жібермейді.

СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артты
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Бала мектепке қандай көңіл күймен келді, кетерде жағдайы қандай болды — бәріне анализ жасап, бір аптадан кейін біздің әлеуметтік ұстаздарға ақпарат береді. Неге бала, мысалы мектептен көңілсіз кетті дегендей. Одан кейін ата-аналармен, ұстаздармен әрі қарай жұмыс істейміз, — дейді Айдар Сұрағанов.

Осыдан бірер жыл бұрын ауыл мектебі «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы толық заманауи құрал-жабдықтармен қайта жарақтандырылды. Қазір мектепте 86 бейнекамера жұмыс істесе, соның 43-і тікелей Жедел басқару орталығына қосылған. 

— Жасанды интеллекті бар 43 бейнекамера базаға жүктелген адамның сегіз түрлі эмоциясын анықтай алады. Соның ішінде агрессивті мінез-құлықты, төбелесті, буллингті анықтау бойынша жұмыс атқарады. Балалардың қандай да болмасын іс-әрекеттері телеграмдағы біздің каналға түседі, — дейді Айдар Сұрағанов.

СҚО Білім басқармасының мәліметінше, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Қазіргі уақытта жасанды интеллект жүйелері өңірдегі 44 білім беру ұйымына енгізілген. 

Соның ішінде Петропавлда «PROTECTOR AI» жүйесі 36 мектеп пен бір балабақшада жұмыс істейді. Сонымен қатар Есіл ауданындағы екі мектепте, Уәлиханов, Мамлют аудандарындағы бір-бір мектепте аталған жүйе енгізілген.

Ал Шал ақын ауданындағы үш мектепте «Qazaq Bilim» бағдарламалық жүйесі қолданылады. Жаңа оқу жылынан бастап Айыртау ауданындағы үш мектепте де іске қосылады.

СҚО мектептерінде буллингтің алдын алуға бағытталған бейнекамералардың саны артты
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мамандардың айтуынша, өңірдегі білім беру нысандарының барлығы бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылған. Қазіргі таңда облыс бойынша 15 667 бейнебақылау камерасы білім беру мекемелеріне орнатылған. Оның 5,5 мыңы сыртқы бақылауға, 10, 1 мыңы ғимарат ішіндегі бақылауға арналған. 

Орнатылған камералардың 10,5 мыңы цифрлық, қалғаны аналогтық жүйеге жатады. 

Бұған дейін ІІМ балалар қауіпсіздігіне қатысты ата-аналарға үндеу жасағанын жазған едік.