СҚО мен Ақмолада су тасқыны қаупі мамырдың басына дейін сақталады - Қазгидромет

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК 18-24 сәуір аралығына арналған гидрологиялық болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО мен Ақмолада су тасқыны қаупі мамырдың басына дейін сақталады - Қазгидромет

2020 жылғы 10-17 сәуір аралығында NASA спутниктерінің жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ), «Қазгидромет» РМК өңделген суреттері бойынша Қазақстан аумағындағы қар жамылған аймақтар 6%-ға қысқарған және 17 сәуірдегі жағдай бойынша 3%-ды құрап отыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысының өзен бассейндерінде және Қостанай облысының өзен бассейндерінде топырақтың қату тереңдігі 13-21 см-ге азайған, ал Солтүстік Қазақстан облысының өзен бассейндерінде топырақ еріген. Республиканың жазық аумағында жердегі ылғал қоры жоқ.

Синоптикалық болжамға сәйкес, апта бойы Қазақстанның батыс және солтүстік бөлігінде ауа райын кезекті атлантикалық циклон анықтайды. Ауа райы құбылмалы болады. Найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, шаңды дауыл соғады, жел күшейеді, жекелеген аудандарда тұман байқалады. Аптаның соңына қарай Қазақстан аумағының басым бөлігінде жаңбыр жауады деп болжануда.

Еліміз бойынша ауа температурасының көтерілуі жалғасуда, тек аптаның соңында ғана республиканың батысы мен солтүстігінде ауа температурасы төмендейді.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Қарағанды облыстарында көктемгі су тасқыны кезеңі өтті, өзендерде су деңгейі шамалы ауытқиды.

Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жазық және тау бөктеріндегі аумақтарда (1000 м биіктікке дейін) қар жамылғысы еріді, ал Шығыс Қазақстан облысының таулы өзендерінде қар жамылу алаңы - 17%.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасу кезеңі мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады.