СҚО мен ОҚО-дан басқа облыстарда қылмыстың төмендеуі байқалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы Қазақстан Республикасында 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстар деңгейі 5,2 пайызға (359 844-тен 341 291-ге) азайды.
«Қылмыстың барлық түрлері бойынша төмендеу байқалды, оның ішінде аса ауыр қылмыстар - 18,2 пайызға (2629-дан 2150-ге), ауыр қылмыстар - 17,4 пайызға (33 836-дан 27 941-ге), ауырлығы орташа қылмыстар - 2,8 пайызға (279 389-дан 271 592-ге), ауыр емес қылмыстар 10 пайызға (43 990-нан 39 608-ге) азайған», - делінген ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінде.
Мемлекеттік органдардың қылмыстылық профилактикасы бойынша іс-әрекеттерін үйлестіру шаралары олардың негізгі құрылымын құрайтын қылмыстардың төмендеуіне мүмкіндік берді. Мәселен, өткен жылы ұрлық жасау - 1,5 пайызға, оның ішінде үйге ұры түсу - 2,9 пайыз, бұзақылық -15 пайызға, ал тонау - 24 пайызға азайды. Қылмыстың бұл түрлері елімізде жасалған барлық қылмыстардың 72 пайызын құрайды. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдікке және есірткіге мас болу жағдайында жасалған қылмыстар - 4,3 пайызға, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар - 16,9 пайызға азайса, көшеде жасалған қылмыстар 10,5 пайызға, ал қайталама қылмыстар 7,2 пайызға төмендеген.
«Сол сияқты, әлем бойынша нақты криминогенді жағдайға баға беретін индикатор болып саналатын қылмыстардың да төмендегені байқалады. Мәселен, кісі өлтіру саны 19,3 пайызға, қарақшылық 29,7 пайызға кемісе, бопсалау 19,2 пайыз азайған», - деп атап өтілген комитет деректерінде.
Айта кетейік, Астана, Алматы қалалары және Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, қылмыстың азаюы еліміздің барлық өңірлерінде байқалған көрінеді.