СҚО мұрағатшылары Мағжан Жұмабаевтың бірегей қолжазбасын Анкараға апарды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сүйенсек, ақынның 125 жылдығын тойлау түркі әлемінің мәдени астанасы - Кастамонуда басталды. Қонақтарды қала губернаторы қарсы алды. Солтүстікқазақстандықтар оны облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ақынның туған жерінде, Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында өтетін 125 жылдық мерейтойына шақырды.
Анкарада ақиық ақынның мерейтойына арналған халықаралық симпозиум өтті.
«Мен мұнда ақын Мағжанның 1923 жылы Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағын әкелдім. Ақынның жеке бұйымдары, Құран және қолдан тоқылған кілем де бар. Көрмеде Жұмабаевтар отбасы тұтынған ыдыс-аяқтарды көруге болады», - дейді Мағжан Жұмабаев атындағы музей директоры Айгүл Жүнісбаева.
Ғылыми-практикалық конференцияда ақын өмірі жайлы бұрын құпия сақталған фактілер айтылды.
«Біз Мағжан Жұмабаевтың 1927 жылы жазылған қолжазбасын таптық. Ақын өзінің туған күнін 1893 жылғы 7 қараша деп көрсеткен. Осынау аса құнды дүниені Анкараға жұрт көрсін деп әкелдік», - деді Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Түркияда мектеп, көше және саябақ ақын есімімен аталады.
«1915 жылы Чанаққала түбіндегі шайқас түрік ұлтының оянуына түрткі болды. Дәл сол оқиғаға Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін арнаған. Ол тек өлең жазумен ғана шектелмей, ауқатты жандардан қаржы жинап, туысқан халыққа көмектесті. Түріктердің ақын Мағжанды сүюінің мәнісі міне, осында», - дейді ТҮРКСОЙ бас хатшысының кеңесшісі Асқар Құрманбаев.
Ақынның 125 жылдығына орай жиырма алты өлеңі түрік тілінде жарық көріп, жинақ ретінде оқырман қауымға ұсынылды, кітаптың тұсаукесері Кастамону қаласында өтті.