СҚО-ның әйелдер колониясында қағаздан салмағы 40 кг көйлек жасалды

көйлек
Фото: СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында дәстүрлі «Мекеме аруы» байқауы өтті. Сотталғандардың бірі қағаздан салмағы 40 кг болатын қазақтың ұлттық киімін әзірлеп, қазылар алқасының назарына ұсынды», - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мекеме аруы» байқауы алдыңғы жылдары «Мисс Пампушка», «Супер келін» және «Қар ханымы» форматында өтсе, биыл қатысушыларға шығармашылық қырларын көрсетуге шектеу қойылмады.

Байқау 4 кезеңмен өтті: қыз-келіншектер алдымен өзін таныстырды, кейін «дефиле» ұйымдастырылып, шығармашылық байқауға қатысты, сондай-ақ білім сайысына түсті.

«Байқауға қатысуға 6 адам іріктеліп алынып, олар бір айдан астам уақыт дайындалды. Өз қолдарымен костюм әзірледі, қазылар алқасын таң қалдыру және бас жүлдені алу үшін бар өнерлерін салды. Ал қазылар алқасының құрамына №48 және №66 мекеме бастықтарының орынбасарлары, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері және департаменттің мамандары кірді», - дейді ұйымдастырушылар.

Төртінші нөмірлі қатысушы Гүлбаршын Серімбетова өзінің ерекше костюмімен қазылар алқасын таң қалдырды және басқа да сайыстардан сүрінбей өтіп жеңіске жетті.

Ол ұлттық нақыштағы көйлек, қамзол мен сәукелені әзірлеуге А4 форматтағы 1200 бет қағаз, синтепон мен бірнеше метр мата жұмсаған.

түрме
Фото: СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Айтуынша, салмағы 40 кг болған костюмді әзірлеуде сымнан оның негізін жасау қиынға түскен.

Екінші көйлегін Гүлбаршын қағаздан қиып жасалған 3 мың көбелекпен безендірген.

«Мен мақсатыма жетіп, мекеме аруы болғаныма өте қуаныштымын. Менің бұл мекемеген түскенімен небәрі 3 ай ғана. Қыздар маған қолдау көрсетіп, билеп, тіпті плакаттар дайындады. Мен мекеме қызметкерлеріне, әсіресе маған көмектескендердің барлығына өте ризамын. Әрине, қиындықтар болды, әсіресе көйлектің қаңқасын және төменгі бөлігін жасау кезінде. Сондай-ақ, реквизит ретінде біз еліміздің туында бейнеленген бостандық символы бүркітті жасадық. Екінші костюмді жасау оңайырақ болды, десек те 3 мың көбелекті қиып, олармен көйлек пен аяқ киімді толық безендіруге тура келді», – дейді байқау жеңімпазы.

Гүлбаршынға көптен күткен тәжі табысталды, қалған қатысушылар да назардан тыс қалмады және әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды.

көйлек
Фото: СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті

«Бүгінгі «Мекеме аруы-2023» іс-шарасы адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру, бос уақытты пайдамен өткізу және дайындық барысында жазасын өтеушілерді біріктіру мақсатында өткізілді. Сотталғандар бір ай бойы дайындалды, біз бұған куә болдық. Олардың әрқайсысы қазылар алқасы мен шақырылған қонақтарды таң қалдырып, өз әлеуетін көрсете алды», - деді әйелдер колониясы бастығының орынбасары Оксана Вышар.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum