СҚО-ның энергетикалық нысандарын жөнге келтіруге 24 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қаражаттың 21 млрд теңгеден астамы Петропавл жылу-электр орталығын жөндеу және инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалады. 

СҚО-ның энергетикалық нысандарын жөнге келтіруге 24 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады
Фото: СЕВКАЗЭНЕРГО АҚ

Қалған 3,2 млрд теңге электр желілерін жаңғыртуға бағытталады.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңірдің жылу және электр энергетикасы нысандарының қысқа әзірлігі пысықталды.

Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде кәсіпорын облыс орталығын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі нысандардың бірі. Оның белгіленген электр қуаты — 541 МВт, жылу қуаты — сағатына 713 Гкал.

— Биыл жылу орталығында бірқатар қазандық пен турбоагрегатқа жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда № 6 қазандық агрегаты мен № 4 турбоагрегатқа күрделі жөндеу аяқталған. Сондай-ақ № 4, 7 және 12 қазандық агрегаттары мен № 2, 6 және 7 турбоагрегаттарына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Ал № 2 қазандық және № 1 турбоагрегатты қайта жаңғырту, № 8, 9, 10 және 11 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасқан, — дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниясының бас директоры Анатолий Казановский.

Бұдан бөлек, жылу орталығының ғимараттары мен құрылыстары жөнделіп, күл үйіндісінің бөгеттері күшейтіліп жатыр. № 3 түтін мұржасын қайта жаңғырту және негізгі жабдықтарды жөндеу де жоспарланған.

Анатолий Казановскийдің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат — 2026-2027 жылғы жылыту маусымын тұрақты өткізу, жабдықтардың дайындығын арттыру және жоспардан тыс істен шығу жағдайларын азайту.

Энергетикалық жүйенің тағы бір маңызды бөлігі — электр желілері. Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясына облыстағы 44,7 мың шаршы шақырым аумақта орналасқан электр желілері қарайды. Оның қарамағында төрт қала мен 381 елді мекен бар.

Өткен 2025-2026 жылғы жылыту маусымында компания желілерінде 705 технологиялық бұзылу тіркелген. Дегенмен бірінші дәрежелі апаттар мен істен шығу жағдайлары болмаған.

Биыл электр желілерін жөнге келтіруге инвестициялық және жөндеу бағдарламалары аясында 3,2 млрд теңге бөлінді. Қаражатқа бірқатар қосалқы станция мен электр желілерін қайта жаңғырту көзделген. Соның ішінде, «Тимирязево», «Сибирь» және «Смирново» қосалқы станциялары да бар.

Қазір барлық жұмыстар бекітілген мерзімге сай жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның мәліметінше, электр желілеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары жаңа жылу беру маусымы басталғанға дейін толық аяқталуы тиіс.

Бұған дейін Үкіметте жылу беру маусымына дайындығы төмен облыстар аталған еді.