Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-ның Тайынша қаласында құтырмаға байланысты шектеу енгізілген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл бруцеллез және құтырма ауруларына қатысты үш елді мекенге шектеу шаралары қолданылды.

СҚО-ның Тайынша қаласында құтырмаға байланысты шектеу енгізілген
Фото: pkzsk.info

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, Тайынша қаласында құтырма ауруы мысықтан анықталған. Осыған орай 16 маусымда Тайынша қаласы әкімінің шешімі негізінде елді мекенге шектеу шаралары енгізілді. 

Құтырма ауруының тағы бір ошағы Есіл ауданының Амангелді ауылында биыл анықталды. 5 наурызда қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында елді мекенге тиісті шаралар қолданылды.

Ветеринариялық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін 18 мамырда барлық шектеулер алынды. 

Ал бруцеллез ауруы бойынша Есіл ауданының Ильинка ауылында 3 наурызда Ильинский ауылдық округі әкімінің шешімі негізінде шектеу шаралары енгізілді. Тиісті ветеринариялық-санитариялық іс-шаралардың нәтижесінде бір айдан кейін ауру ошағы жабылды.

Бұған дейін СҚО-да биыл үш адам бруцеллез жұқтырғанын жазған едік.