СҚО-ның тұрақтандыру қорында 1,2 мың тонна арзан картоп бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының тұрақтандыру қорын азық-түлікпен қамтуға биыл 2,5 млрд теңге бөлінді.

Ақтөбеде картоп бағасы бірден 100 теңгеге қымбаттап кетті
Фото: Алтынай Сағындықова

«Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының 14-і сатып алынады. Оның ішінде картоп та бар.

- Биыл тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Көкөніс қоймасында 1,2 мың тонна картоп жатыр. Бір кг-ы – 97 теңге. Өнім жергілікті тауар өндірушілерден қарыз, форвардтық сатып алу және жеткізу шарттары арқылы сатып алынады. Көкөніс «Солтүстік» ӘКК» АҚ, тауар өндірушілердің және «Радуга» ЖШС қоймаларында сақталған, - дейді «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов.

Арзан өнім тұрақтандыру қорының сауда орындарына күн сайын, супермаркеттерге – аптасына үш рет, ал аптасына екі рет – үй астындағы дүкендерге жеткізіледі. Тұрақтандыру қорымен ауылдық дүкендер де жұмыс істей алады. Ол үшін өтінімді аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдеріне де беруге болады.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар