СҚО-ның үш ауданында ғана тұрмыстық қалдықтар шикізат ретінде іске жаратылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы 444 полигонның тек жетеуінің тиісті рұқсат құжаттары бар. Соның ішінде 429 нысанның жер телімдері заңдастырылған.

СҚО-ның үш ауданында ғана тұрмыстық қалдықтар шикізат ретінде іске жаратылып жатыр
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Қолданыстағы полигондарды заңдастырудан бөлек жаңа қоқыс орындарын жарақтандыру мәселесі де шешіліп жатыр.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Жамбыл ауданының Пресновка ауылында жаңа полигон құрылысына қажетті құжаттар әзірленсе, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында полигон салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті.

Петропавлдағы жабылуы тиіс қоқыс полигонын пайдалану мерзімі келер жылдың соңына дейін ұзартылды

Жаңа тұрмыстық қалдықтар полигонын Мамлютка тасжолының бойында орналастыру жоспарланған. Бұл мақсатқа арнайы жер телімі бөлініп, жобалық құжаттар әзірленді және биыл 29 сәуірде оң қорытынды алынды.

Мамандардың айтуынша, қатты қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіштері де артып келеді. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату деңгейі 31,5% жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% жоғары.

Осы мақсатта Петропавлда пластик бөтелкелерді, әйнекті, картонды және металл қалдықтарын бөлек жинауға арналған 40 арнайы контейнер орнатылған. Сонымен қатар тұрғындардан макулатураны қабылдау үшін 50 экобокс қойылған. Қала аумағында қайта өңдеуге жарамды шикізатты қабылдайтын алты тұрақты қабылдау пункті жұмыс істейді. Бұл жұмыстарды «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып келеді.

Десек те қалдықтарды жинау және қайта өңдеу ісі облыс орталығынан бөлек тағы үш ауданда — Қызылжар, Мамлют және Тайынша аудандарының орталықтарында қолға алынған.

Тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару әсіресе жаз уақытында өзекті. Бүгінде Петропавлда халыққа қызмет көрсететін бес қоқыс шығару ұйымы және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін тағы үш кәсіпорын жұмыс істейді.

Бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталғанын жазған едік.