СҚО: Nur Otan партиясының қызметкерлері бір күндік еңбекақысын мұқтаж жандарға көмекке аударады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы «Biz Birgemiz! Nur Otan» республикалық акциясына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Biz Birgemiz! Nur Otan» республикалық акциясы аясында жалғызілікті қарттар мен тұрмысы төмен отбасылардың, мүгедектердің үйлеріне барып, мұқтаж жандарды антисептикалық құралдармен, медициналық маскалармен және азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қайырымдылық іс-шарасы «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары бойынша жүзеге асырылмақ.
«Jas Otan» жастар қанатының белсенділері мен волонтерлері біз дайындаған пакеттерді көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, мүгедектердің, жалғызілікті зейнеткерлерге таратады. Азық-түлік салынған пакеттерден басқа антисептикалық, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ олар коронавирустың алдын алу және күресу тәсілдері туралы түсіндіреді», - деді «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.
«Nur Otan» партиясы карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы, соңдай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бөлді. Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері осындай қажеттіліктерге өздерінің бір күндік еңбекақысын аудару туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, нұротандықтар акцияға қатысуға кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін шақырып отыр. Жалпы, Петропавлда барлығы 380 отбасы азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, бұл жұмыстар мереке күндері облыс аудандарында да жалғаспақ.