СҚО-ның бұрынғы әкімі Ерік Сұлтанов сенаторлықтан үмітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатына депутаттығына үміткер 52 кандидат тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР ОСК Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мақсатхан Анапин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Облыстық, Астана және Алматы сайлау комиссияларында ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының 16 мандатына ұсынылған 89 үміткердің 52-сі тіркелген. Салыстыра айтсақ, 2011 жылы бұл сан 52, 2014 жылы 53 кандидатты құраған болатын. Тіркелген кандидаттардың ішінде 47-сі ер адам және 5-еуі әйел. Салыстырмалы түрде айтар болсам, бұрынғы өткен сайлауларда әйелдер саны төмен еді. 2011 жылы - 1, 2014 жылы 2 әйел болған. Кандидаттардың орташа жасы - 51,5», - деді ол.
Оның атап өтуінше, үміткерлердің 4-еуі Сенаттың қазіргі депутаты, 3-еуі маслихат депутаты, 15-і мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындардың және мекемелердің қызметкерлері, 11-і мемлекеттік қызметшілер, 16-сы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, үшеуі басқа жұмыстарда істейді.
«Мамандығы бойынша 16 инженер, 11 эономист, 6 оқытушы, 6 заңгер, 7 ауыл шаруашылығы қызметкері, 3 дәрігер, 1 саясаттанушы, және 2 басқа мамандық иесі бар. Көптеген кандидат бірнеше мамандықтың иесі. Тіркелген кандидаттардың басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан облысында - 5 кандидат. Ақмола облысы мен Астана қаласында 4 үміткерден, қалған өңірлерде үш кандидаттан тіркелген», - деді Анапин.
Мәселен, оның дерегінше, СҚО-дан тіркелгендердің қатарында өңірдің бұрынғы басшысы Ерік Сұлтанов та бар. Ал Астана қаласынан Еділ Мамытбеков, Дәулет Сүтегенов, Дамир Нүрпейісов, Надежда Мирба сенаторлықтан үміткер болып отыр.