СҚО-ның емдеу мекемелеріне заманауи қондырғы алуға 4 млрд теңге жұмсалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл медициналық қондырғыларды жаңалауға жылдағыдан 3 есе артық қаражат бөлініп, 4 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен кездесіп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады, келер жылдың жоспарларымен бөлісті.

Биыл өңірдің емдеу мекемелеріне заманауи цифрлық маммограф, компьютерлік томограф, магнитті резонансты томограф, ангиограф пен соңғы үлгідегі рентгендер сатып алынды. Қымбат қондырғылармен аудандық ауруханалар жабдықтала бастады. Бұл қондырғылар дертті ерте бастан және сапалы анықтауға мүмкіндік бермек.

Мәселен онкологиялық орталықта орналасқан цифрлық маммограф қатерлі ісікті 0 сатыда анықтайды. Биыл бұл қондырғымен 10 мыңнан астам зерттеу жүргізілген. Ал компьютерлік томографта 1776 зерттеу жасалған екен.

Цифрлық ангиограф жүрек ақауын анықтауда таптырмас құрал. Ал МРТ-ның арқасында инсультті ерте бастан анықтауға мүмкіндік бар.

«Қаңтар айынан бастап МРТ мен КТ-ны тұрғындар тегін жасатқыза алады. Бұл МӘМС аясында мүмкін болмақ. Бұрын тұрғындар тексерістен өту үшін 6 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін төлейтін», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Биыл емдеу мекемелеріне 66 арнайы Mercedes көлігі алынды. Жақында тағы 30 Hyundai реанимобилі келмек. Олардың барлығы қажетті құралдармен толық жабдықталған. Былтыр облысқа тек 1 ғана реанимобиль әкелінсе, соңғы рет көп мөлшерде - 30 дана 2015 жылы алынған.

«Денсаулық сақтау саласына жұмсалып жатқан қаражат біздің тұрғындарымыздың сапалы медициналық көмек іздеп шетелге шығуын азайтады. Петропавл қаласында көп салалы аурухана салынып жатыр. Бұл керісінше, шетелдік азаматтардың біздің өңірге келіп емделуіне жол ашпақ. Өйткені көрсетілетін медициналық көмектің сапасын халықаралық деңгейге жеткізбекшіміз», - деді Құмар Ақсақалов.

Ал 2020 жылы өңірде жоғары технологиялық қондырғыларды алуға 2,5 млрд теңге жұмсалмақ.



Соңғы жаңалықтар