СҚО-ның Қызылжар ауданында су тасқынымен күрес жалғасуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында су тасқынымен күрес жалғасуда. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО-ның Қызылжар ауданында су тасқынымен күрес жалғасуда

«Қызылжар ауданының 101 ауылында суға бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізіліп, қажетті материалдар дайындалды. Қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары атқарылып, су тасқыны қаупі күні-түні бақылауға алынған. Су тасқынына қарсы шараларға жұмылдырылған барлық күштермен құралдар толыққанды жұмыс істеуде. Ауылдың кәрі-жас тұрғындары бір-бірімен иық тірестіре еңбек етуде. Су тасқыны басталғаннан бері шамамен 1 мың адам мен шамамен 6 мың бас мал қауіпсіз жерге шығарылды», -делінген комитеттің ақпаратында.

Полиция қызметкерлері де су басқан үйлерді біреулер тонап кетпеуі үшін күні-түні күзетке алған. Ауданның кәсіпкерлері де су тасқыны салдарын жоюға бір кісідей жұмылып, тұрғындарға азық-түлік жеткізумен қатар қажет болған жағдайда техникаларын да беруде.

Прибрежный ауылында су тасқыны басталғаннан қазіргі уақытта кейін орта мектепте су тасқынына қарсы шараларға жұмылдырылған Төтенше жағдайлар комитетінің барлық қызметкерлеріне үш мезгіл ыстық тамақ берілуде.

Қызылжар ауданында төтенше жағдай режімі 26 сәуір күні жарияланып, бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Зардап шеккен тұрғындар әзірше үйлеріне орала алмайды. Су басқан аймақта шамамен 60 тұрғын үй бар.

Су басу қаупі бар Прибрежный мен Тепличный ауылдарында халықты қорғауға бағытталған кешенді шаралар жүргізілді. Прибрежный ауылында 300 метерлік бөгет күшейтілді. Күн сайын шамамен 350 текше метр су сорғытылуда. Ал Тепличный ауылында 600 метр бөгет жөнделіп, 11500 мөшек құм төселді.