СҚО полицейлері 80 жастағы қартты тонаған күдіктіні ұстады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері тонауды ізін суытпай ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.
17 маусымда сағат 12:57 шамасында 80 жастағы зейнеткер тонаушының құрбанына айналғаны жайлы «102» пультіне хабарласқан. Белгісіз біреу іщінде 116 000 теңге ақшасы бар әмиян салынған сөмкесін тартып алып кеткен. Жедел басқару орталығына қарақшыны ұстау үшін полицияның барлық сыртқы қызметтеріне бағдар беріліп, облыстық аурухана ауданына жақын маңдағы патрульдер жіберілді. Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері белгілері бойынша ұқсас келетін ер адамды байқайды. Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция лейтенанты Өмірсерік Оразғалидің айтуынша, полицейлердің назарына шалбарының сыртқы қалтасынан көрініп тұрған әйелдердің әмияны түскен. Ол алған затын полиция көлігінің капотына қойған кезде ұрлыққа қатыстылығына күдік қалмады.
Бұрын сотталған Ақмола облысының тұрғыны жуырда Петропавлға келіп, әккі ойларын іске асыру үшін қала орталығын таңдаған. Тонау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілміне енгізілді. Күдікті Петропавл қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленуші зейнетақысын аз уақытта қайтарып бергені үшін полицейлерге алғысын білдірді. Лақтырылған сөмке ұрлық жасалған ауданнан табылды.