СҚО полицейлері алимент төлемей жүрген әйелді АҚШ-тан іздеп тапты

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28-30 наурыз аралығында өңір полицейлері борышкерлерді, алимент төлемеушілерді және туыстық байланыстарын жоғалтқан тұлғаларды іздестіру бойынша акция өткізді. Акция басында өндірісте 75 іздестіру ісі болған. Оның жартысы балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-аналарға қатысты. Бір жағдайда баланың анасы іздеуде жүрген.
Көші-қон қызметі қызметкерлерінің ақпараты бойынша Қазақстанның 40 жастағы азаматы 12 жастағы баласын бұрынғы күйеуіне қалдырып, өзі Ресейдің Түмен қаласына кетіп қалған. Тиісті сұрау салынғаннан кейін полицейлер әйелдің АҚШ-қа қоныс аударып, тұруға ықтияр хат алғанын анықтаған. Іздестіру жұмысы нәтижесінде оның жүрген жері белгілі болды.
Алимент төлеуден жалтарған әйел жайында мәлімет жеке сот орындаушысына және іздеу салған адамға жіберілді.
«Жалпы акцияның алғашқы күнінде іздеуде жүрген 14 адам анықталды: 4 борышкер, алимент төлемей жүрген 7 адам және туыстық байланыстарын жоғалтқан 3 адам. 5 адам облыс аумағынан тыс жерден анықталды, 2-уі шетелде жүрген. Ара қашықтық жұмысты қиындата түседі, бірақ ол кедергі емес. Іздеу жұмысы ұдайы негізде жалғасады. Жалпы жыл басынан көші-қон қызметінің барлық үш бағыты бойынша 93 адам есепте тұрған, қазіргі уақытта 43 адамның жүрген жері анықталды», - дейді СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсырбаев.