СҚО полициясы жүргізушілерге көлік шинасын қысқыға ауыстыруға кеңес берді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Жауын-шашын мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және автомобиль шиналарын қысқыға ауыстыруға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметінің басқармасы көлік жүргізушілеріне үндеу тастады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазіргідей ауа райының қолайсыз кезінде көлікте жазғы шинамен жүру аса қауіпті.
«Қыс мезгілінің келуіне, ауа райының бүлінуіне, температураның төмендеп, қатқақ болуына байланысты СҚО полиция департаменті жүргізушілерден көліктің қысқы шиналарын уақытында ауыстыруын сұрайды. Автошиналарды уақытында ауыстыру қазіргідей қолайсыз жағдайда жолдағы сенімділікті арттырады. Осылайша өзін және басқа да жол қозғалысына қатысушыларды қауіптен сақтайды», - деді СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Риат Андаспаев көлік жүргізушілеріне арнаған бейнежазбада.
СҚО-да өткен тәулікте күн райы бұзылып, қар жауды. 22 қазан күндіз +4 градус болса, түнде бірден –3 градусқа дейін төмендеп, қар жауды.
Мәселен, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында бір түнде, тұрғындардың айтуынша, 30-35 см-ге дейін қар жауған.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы күндері де СҚО-да күндіз +2+4, түнде -1-4 аралығындағы температура сақталмақ. Қатты көктайғақ күтіліп отыр.