СҚО санитар дәрігерлері мереке күндері астан улану қаупі жоғары екенін ескертті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер астан уланып, мейрамды ауруханада өткізбеу үшін қандай талаптарды сақтау қажеттігін айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мереке күндері астан улану жағдайлары артады. Оның бірнеше себебі бар.
Мереке уақытында адам туған-туыс, достарымен кездесіп, мөлшерден көп тамақ ішеді.
Ал асқа қолданылған тамақ кей жағдайда сапа мен гигиена стандарттарына сай келмеуі мүмкін.
Мерекелік дастарханға әзірленген тағамдар бірнеше күн бойы сақталып, оның бұзылуына, салдарынан адамның улануына әкелуі мүмкін.
«Астан улануға көп жағдайда еттен және балықтан жасалған тағамдар, майонез, қаймақ қосылған тіскебасарлар себеп болады. Олар тез бұзылатын тағамдар тобына кіреді. Сондай-ақ олардың қатарында түрлі торттар да бар. Дайын салаттар түні бойы жылы жерде, үстел үстінде қалып қойса, таңертең оны пайдалануға болмайды. Жалпы мұндай тағамдар +2+6 градус температурада сақталғаны жөн», - дейді департамент мамандары.
Санитар дәрігерлердің айтуынша, түрлі кремдері бар торттар 6 сағаттан артық сақталмайды. Салаттарды сақтау мерзімі – 3 сағат қана.
Пісірілген етті 12 сағаттың ішінде тұтыну қажет. Ал қуырылған ет бұдан екі есе ұзақ сақталады.
«Жұқпалы аурулардың алдын алу және астан уланып қалмау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағам әзірлеуде негізгі бес амалды естен шығармау қажеттігін ұсынады. Олар: тазалықты сақтау, шикі мен піскенді араластырмау, өнімдерді дұрыс пісіру, азық-түлікті қауіпсіз температурада сақтау, таза суды және таза өнімді пайдалану. Ең бастысы, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, тағамды байқап тұтыну», - дейді санитар дәрігерлер.