СҚО шаңғы тебуден челлендж бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы шаңғы тебу маусымын ресми ашып, көрші Қостанай облысын челленджге қатысуға шақырды.

Облыстың спорт сүйер қауымы Айыртау ауданының Лобаново елді мекеніне жиналды. Өйткені осы өлкеде халықаралық деңгейдегі спорт шебері, түрлі жарыстардың чемпионы, шаңғышы Самат Мусин дүниеге келген. Қайыңды-қарағайлы орманының арасында шаңғы тебуге келгендердің ішінде кәсіби спортшылар да, белсенді демалысты ұнататын кәрі-жас та бар.

- Бүгін мен алғаш рет аяғыма шаңғы байлап, жүгіруге шықтым. Жаңа нәрсені үйренуге ешқашан кеш емес. Жалпы бүгінгі іс-шара арқылы шаңғы тебу маусымын ашып қана қоймай, саламатты өмір салтын насихаттау үшін челленджді бастап отырмыз. Қостанайдағы достарымыз, әріптестеріміз бізді қолдайды деген үміттенеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.
СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, биыл көктемде өңір қостанайлықтардан челленджді қабылдап, Петропавлдағы Борки кентінде 600 метрге шаңғымен жүгірді.

Жалпы өңірде бұқаралық спортпен 225 мыңнан астам адам қамтылған. Нысандар қолжетімді болуы үшін тек биыл 3 спорт кешені, сонша хоккей корты, 23 шағын футбол алаңы және 6 спорт алаңы пайдалануға берілді.
Бұған дейін СҚО-да қыста қайда демалуға болатындығын жазған едік.