СҚО синоптиктері наурыз айының ауа райы болжамын ұсынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында наурыздағы орташа ауа температурасы -7-9 градус нөлден төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көктемнің алғашқы айына ауа райы болжамын «Қазгидромет» РМК облыстық бөлімшесі басшысының орынбасары Наталья Левина айтты.
Наурыздың алғашқы күндері өңірде аяз болады. 2 наурызда түнде ауа температурасы минус 20 градусқа дейін түседі. Күндіз -2-7 градус, кей жерлерде -10 градусқа дейін салқын болады.
3 наурызда өңірде күн жылынып, -3 пен +2 градустың аралығында болады. Ауа температурасы түнде 0-5 градус аяз болады. Жаңбыр жауып, бұрқасын соғады және тұман түседі. Оңтүстік батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетеді.
5-7 наурыз аралығында қар жауып, түнде минус 16 градус, күндіз -3 градус аяз болады.
«Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 12-17 гардус, кей жерлерде 20, күндіз 5-10 градус аяз болады. Кейін бірте-бірте темппература көтеріледі. Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 10-15, кей жерлерде 5 градус аяз болса, күндіз 0-5 градус, кей жерлерде 10 градус жылы болады», - деді Наталья Левина.
Синоптиктер бұл айда жиі тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін деп болжауда.