СҚО соттарында азаматтық істердің 16 пайызы татуласу рәсімімен аяқталған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының соттарына былтыр 13 мыңнан астам азаматтық іс түскен, соның 9,5 мыңға жуығы өндіріспен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соттарында азаматтық істердің 16 пайызы татуласу рәсімімен аяқталған

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов өткен жылды қорытындылады.

Былтыр облыс соттарына 13 мыңнан астам азаматтық іс түскен. Оның 4 мыңға жуығы қайтарылған. Ал қалғаны өндіріспен аяқталды. Соның 5 629-ы бойынша сот үкімі шықты.

«Сотсыз татуласу институтын дамыту - басым бағыттардың бірі. Былтыр 1 341 іске немесе 16 %-ға жуығына татуласу рәсімі қолданылды. Соның ішінде медиация арқылы 920 іс аяқталды, 415-інде екі тарап мәмілеге келсе, 6 іс партисипативтік рәсіммен жабылды. Былтыр заңнамаға азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамытуға бағытталған түзетулер енгізіліп, биыл іске қосылды.

Сотқа дейінгі хаттама институты енгізілді. Бұл тараптар сотқа ұсынылған дәлелдемелерді бір-біріне ашатын құжат. Бұл жаңашылдық тараптарды тәртіпке келтіріп, сотқа шағым бергенге дейін дәлелдемелер жинауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Сонымен қатар, бұл тараптарға сотқа талап арыз қабылданғанға дейін екінші тарап ұсынған дәлелдердің мазмұнын білуге және татуласу мүмкіндігін қарастыруға жасайды. Нәтижесінде татуласу арқылы аяқталған істер көбейеді деп ойлаймыз», - дейді Айдар Смағұлов.

Сотқа дейінгі хаттама пилоттық режимде СҚО-да желтоқсан айында қолданылды. Облыстың соттары 23 сотқа дейінгі хаттама жасаса, соның 9-ында іс татуласумен аяқталды.

«Жанжалдарды реттеуде әлемнің озық елдері татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданады. Заңнама тараптарды татуластыруға бағытталған. Оның көптеген артықшылығы бар; уақыт пен қаржы үнемделеді, тараптарға жанжалды өзара тиімді шарттармен реттеуге мүмкіндік беріледі, ең бастысы - дауды бейбіт жолмен шешу іскерлік, достық қарым-қатынасты сақтауға сеп», - дейді Айдар Смағұлов.

Қазіргі уақытта СҚО-да 20 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Олар былтыр 134 дауды шешті.