СҚО студенттері «Серпінді» насихаттауға оңтүстік облыстарға аттанды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстікқазақстандық студенттер 6,5 мың шақырымды автобуспен жүріп өтіп, еліміздің төрт өңірін аралап шықпақ.

Бүгін Петропавлдан Serpin Way брендтік автобусы жолға шықты. Студенттер мен оқытушылардан құралған топ бұл сапар барысында Шымкент қаласына және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарына бармақ.
Жолға шыққандардың бірі - Қызылорда облысы Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы Байжан Әбдіров. Ол қазір Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде соңғы курста оқиды. Болашақ қазақ тілі маманы. Диплом алғасын осы солтүстік өңірде еңбекке араласпақ.
- Мен грантпен, өз қалауыммен оқуға түстім. Петропавл қаласы ұнайды, бұған дейін бірнеше рет жарыстарға қатысу үшін келіп, осы шаһарды табиғаты, жайлылығы үшін ұнатқан едім. Енді басқа іні-қарындастарымды осы өңірге келуге шақырмақпын.
Бұл сапар барысында 4 қалаға, 17 аудан мен 30 ауылға барамыз. 11 сыныпта оқитын, ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге «Серпін» бағдарламасы жайында айтамыз, - дейді Байжан Әбдіров.
Биыл Петропавлдағы жергілікті университетке «Серпін» бағдарламасы аясында 200-ге жуық квота қарастырылған.
- Бұл бағдарлама бойынша оқуға түскен жастарға жатақхана беріледі, 2-3 курстан бастап жұмысқа орналасуға мүмкіндік береміз. Жаңа ортаға тезірек қалыптасуы үшін психологиялық көмек береміз, - дейді университет проректоры Әділхан Төлепберген.
Қазіргі уақытта СҚО-да «Серпін» бағдарламасымен 167 жас жоғары білім алып жатыр. Олардың 65-і биыл диплом алып, мамандық иесі атанбақ.
Былтыр ел бойынша «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 4 мыңға жуық грант бөлінген еді.
АЛ СҚО-да он жылда «Серпін» бағдарламасымен 1,4 мыңға жуық жас жоғары білім алған. Алайда түлектердің 48% ғана солтүстік өңірде тұрақтап қалған.