СҚО тарихында ауданды басқарған алғашқы әйел табыс формуласымен бөлісті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен сайлауда тұрғындардың басым даусын жинап, Мамлют ауданының әкімі болып Елена Степаненко сайланды. Жаңа басшы өзіне жүктелген міндетті ерлермен тең дәрежеде атқарып келеді, алға қойған жоспары да айқын. Әйелдер күні мерекесіне орай Елена Федоровнаны әңгімеге тартып, сұхбат алған едік.

— Елена Федоровна, аудан әкімі ретінде Сізге үлкен жауапкершілік артылған, күнде шешім қабылдауға тура келіп жатады. Босаңсымай үнемі сенімді болып жүру қиын емес пе?
— Басшының басқалардан айырмашылығы — көшбасшылық қабілеті, стратегиялық ойлау және шешім қабылдай білуі. Әрине, күнде шешім қабылдап, жауапкершілік алу оңай емес. Десек те өмірлік кәсіби тәжірибем көмектеседі. Мен мемлекеттік қызметте 35 жылға жуық еңбек етіп келемін, аудандық, облыстық деңгейде бірқатар лауазымдарды атқардым. Ал сенімді болуым — алған білімімнің арқасы. Егер бір нәрсені білмесем, оны басқалардан сұраудың сөкеттігі жоқ деп олаймын. Сондай-ақ әр адам білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет деген принципті қолдаймын, ұстанамын. Ал жалпы адамның өзіне деген сенімнің болуы — табыс кілті дер едім. — Басқарудың әйелдерге тән стилі бар ма, оның ерекшелігі неде? Әйелдер жұмсақ келеді деп айтып жатады ғой…- Ия, әйелдер эмоционалды болып келгендіктен мүмкін әйелдердің басқаруының өз ерекшелігі бар шығар. Бірақ басқарушылық қызметте айтарлықтай өзгешелік жоқ, болмауы тиіс. Ең бастысы — жұмыстың нәтижелі болуы. Менің ойымша бұл негізгі критерий.
Тарихқа сүйенер болсақ, әйелдер жұмсақ деген жаңсақ пікір екенін көруге болады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қандай басшы болмасын басқаруда тиімді тәсілдерді қолдануға тырысады. Мен қызметкерлерді қатты ұстап, жазалап отыруды құптамаймын. Бірақ себеп болса, ешкім жазадан кетпейді, өз ісіне жауап береді.

— Әйелдердің түйсігі жақсы жетілген деп жатамыз, бұл Сізге жұмыста көмектеседі ме?
— Адамның түйсігі уақыт өте келе өмірлік, кәсіби тәжірибемен дамиды деп ойлаймын. Кейде белгілі бір жағдайда осы ішкі түйсікке бағынып, шешім қабылдаймын. — Ал көшбасшылық қасиет уақыт өте келе пайда болды ма, әлдебалалық шақтан келе жатыр ма? — Көшбасшылық пен құзірет қатар келеді деп айтқанымызбен, менің ойымша, көшбасшылық генмен беріледі. Кішкентайымнан, ол кезде ешқандай тәжірибе, дағды жоқ, мені «командир» деп атайтын. Мектепте пионер дружинасы кеңесінің, комсомол ұйымының төрағасы болдым. — Еңбек жолыңыз қалай басталды? — Қазіргі Есіл ауданы Александровка негізгі мектебін ерекше аттестатпен аяқтадым. Заңгер болуды армандадым. Бұрын түлектерге арналған жинақ болатын, ол жерде қандай мамандықты қандай оқу орнынан алуға болатындығы жазылған. Мен кітапханаға барып, өзіме керек заңгерді таптым. 1987 жылы мұндай мамандыққа даярлайтын үш техникум болды. Олар: Армавир, Талдықорған және Челябі техникумдары. Петропавлға ең жақын орналасқаны Челябі болғандықтан, мен сондағы оқу орнына түсетін болып шештім. Ол кезде техникум жоғары оқу орнының дипломымен тең дәрежеде болды. Жұмысқа еш қиындықсыз орналасуға болатын.
Осылайша 15 жасымда Челябі қаласына барып, техникумға еш емтихансыз түсіп кеттім. Үйден шалғайда оқу оңай болған жоқ. Техникумды да «қызыл» дипломмен бітірдім. Омбыға жібергенімен, мен өзімнің туған жеріме келіп еңбек етемін деп шештім. Ол кезде аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі деп аталады, мен келгенде бас маман, меңгерушінің орынбасары декреттік демалысқа кетіп жатыр екен. Жасым 18-де, маған ол жұмысты бірден сеніп тапсыруға күмәнданып, тәжірибеден өткізбек болды. Бір аптадан кейін сол бөлімге аға инспектор болып жұмысқа орналастым. Бір аптадан кейін бөлім меңгерушісі демалысқа кетіп, мен оның орнында міндетін атқарып қалдым. Сол кезде бүкіл аудан бойынша зейнетақы істеріне қол қойдым, аудандық атқарушы комитетке жиналыстарға баратынмын. Күйзеліске төзімділік сол кезден қалыптасты деп ойлаймын. Ол кезде аудандық әкімшілік басшысы Есмағанбет Сапарұлы Барлыбаев, өте талапшыл басшы болды. Жалпы сол аудандық бөлімде мен үлкен мектептен өттім. Кейін тоқсаныншы жылдар келді, еңбекақы уақтылы төленбейді, қиын кезең. Мен әскери комитетке брондау бойынша инспектор болып кеттім. Республикалық бюджетке қарағандықтан, ол жерде жағдай біршама жақсы болды. Ол жерде ұзақ істеген жоқпын, мені әкімшілікке әлеуметтік-мәдени сала бөліміне бас маман ретінде жұмысқа шақырды. Бірақ жарты жылдан кейін қысқартуға ілегіп, әкімшіліктен бөлініп шыққан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа тұрдым, кейін жалпы бөлімді басқардым. Жеті жыл аудандық әкімдіктің аппарат жетекшісі болдым. 2012 жылы Мемлекеттік қызмет істері бөлімінің жетекшісі болдым. Кейін ол басқарма, департамент болды, менің де лауазымым өсіп, осы департаментті 2023 жылға дейін басқардым. 2024 жылы менің өкілеттігім бітіп, ротациямен басқа өңірге кетуім керек еді. Бірақ өз облысымнан кеткім келмей, алдымен Мамлют ауданы әкімінің орынбасары, кейін әкім сайлауына қатысып, тұрғындар маған сенім артты.
— Мамлют ауданының басқа аудандардан ерекшелігі неде? — Ең алдымен ол Ресеймен шекаралас аудан. Солтүстік Қазақстан облысының қақпасы іспеттес. Сондықтан алдымен біздің ауданға қарап, елдегі жағдай бойынша көзқарас қалыптасады. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. — СҚО тарихында ауданды басқарып отырған алғашқы әйелсіз. Алдыңызға қандай міндеттер қойып отырсыз? — Ауданды абаттандыру, дамыту міндеті тұр. Ал бірінші кезекте жолдарды жөндеуді қолға аламын. Ауданда қайта өңдеу кәсіпорындары жоқ, сондықтан сүт өңдейтін кәсіпорын ашу да кезек күттірмейтін мәселе. Айналысамын деген кәсіпкер бар, қазір несие беру мәселесі шешіліп жатыр.
Жалпы, менің жоспарым сайлауалды бағдарламамда көрсетілді. Сол бойынша жұмыс істеймін. Олардың көбі басшылық тарапынан қолдау тауып, қаржы бөлініп жатыр. Бике ауылына 9,9 км асфальт жол салынатын болды, бұл менің кішкентай жеңісім. Бұл елді мекенде ешқашан сапалы жол болған емес, биыл жол жөндеу жұмысы басталады. Тұрғындар үшін де бұл жоба өте маңызды, өйткені жауын-шашында олар ешқайда шыға алмай қалады.
Биыл аудандағы тағы бірқатар елді мекенге су тартуға, мектептерін жөндеуге, екі емдеу мекемесін қалыпқа келтіріп, тағы төртеуін жаңадан салуға қаражат бөлінді. Бексейіт, Бостандық ауылдарында медициналық пункт, Новомихайловка мен Новопокровкада фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Мамлюткада дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталды. Облыс бойынша жалғыз біздің ауданда мұндай нысан жоқ еді.
Жалпы биыл 14 жаңа жоба, тағы екеуі былтырдан қалған, жүзеге асады. Мұның барлығы тұрғындардың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

— Әйел адам жұмыс пен отбасын қатар алып жүре ала ма?
— Ия, қолдау болса, түсіністікпен қараса. Отбасым туралы айтар болсам, жолдасым, екі балам бар. Олардың қолдауынсыз мен мұндай мансапқа қол жеткізе алмас едім. Белгілі бір жұмыс уақытым жоқ, кейде түнде үйге келетін кездер болады, іс сапарлар бар.
— Сіз басшы, әкім болсаңыз да, мінезіңізде романтиканың үлесі бар шығар?
— Әрине, армандаймыз. Мәселен Мамлютканы алар болсам, мен оны бірер жылдан кейін мүлде басқаша көргім келеді. Белгілі бір жоспар, арман бар. Қазір аудан орталығында екі-үш қабатты 45 тұрғын үй бар. Олардың бәрін бір сәулет стилінде жөнге келтірсек деймін. Қасбетін дұрыстау керек, шатырларын ауыстыру қажет. Гүлзарлар салып, жастар, балаларға арналған орындар салса.
«Достық» демалыс саябағы бар. Оны да жөнге келтіріп, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналдырғым келеді.
Мамлютка стансасынан көптеген пойыз өтеді. Бірақ, жолаушыларды түсіріп, мінгізбейді. Тұрғындар сол жерден өтетін пойызға отыруы үшін Петропавлға баруы керек. Сол сияқты пойызбен келе жатып, Мамлюткаға келіп тұрып, түсіп қала алмайсың. Бұл мәселені де шешсек.

— Сіздің басты кемшілігіңіз?
— Шынымды айтсам, ол туралы ойланбаппын. Өзіме де, басқаларға да талапшылмын. Сондай-ақ, жұмысқа тым берілушілік шығар.

— Жоғары мансапқа қол жеткізуіңіздің ең басты құпиясы неде? Табыс формулаңыз бар ма?
— Мемлекеттік қызмет істері департаментінде жұмыс барысында мемлекеттік қызметшілермен кездескенде үнемі адал еңбек ету керек, сол кезде сенің еңбегің бағаланады деп айтатынмын. Мені сүйреген, қолдау көрсеткен ешқандай «ағам», «көкем» жоқ. Өз біліміммен, еңбегіммен осы күнге жетіп отырмын.
Ал менің табыс формулама келер болсақ, Эдуард Асадовтың «Кез келген нәрсені жан-тәніңмен істе» деген әдемі өлеңі бар, осы өлең жолдары менің өмірлік ұстаныма айналды. Яғни жұмыс істе және оны адал атқар!
— Әңгімеңізге рахмет!