СҚО тәртіп сақшылары мас күйінде көлік тізгіндеген 16 жүргізушіні ұстады

мас жүргізуші
Фото: Pixabay

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Сәуірдің 26-сы мен 28-і аралығында Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында мас күйінде 16 жүргізуші анықталды. Олардың екеуі есірткіге масайып алып, көлік тізгіндегені белгілі болды. Бұл туралы СҚО ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жолдардағы тексерулер «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында күшейтілді. Сондай-ақ, Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы, жылдамдықты арттырудың 111 және жол қиылысы ережелерін бұзудың 17 фактілері анықталды.

«Ал Уәлиханов ауданы 41 жастағы тұрғының „Mitsubishi Pajero sport“ автокөлігін тексеру кезінде көлігінен 12 калибрлі 2 патрон табылды. Оның айтуынша, ол аңшылықтан кейін оқ-дәрілерді алып тастауды ұмытып кеткен. Оған қатысты азаматтық қару айналымы ережелерін бұзу фактісі бойынша хаттама толтырылды», — делінген хабарламада.

Жалпы 3 күннің ішінде облыста 2 бірлік тіркелмеген тегіс ұңғылы қару мен 17 бірлік оқ-дәрілер тәркіленді.

«Бұдан басқа, барлық жұмыс желілері күшейтілді, қызметкерлер 2 мыңнан астам есепке алынған адамдарды тексеріп, жалдамалы пәтерлерді, қараусыз қалған үйлерді аралады. „Құқықтық тәртіп“ жедел алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді міндеттер шешілуде. 848 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», — дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Александр Розбах.

 

 

Соңғы жаңалықтар