СҚО: Тайынша ауданында төтенше жағдай жарияланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгін Красная поляна және Черниговка елді мекендерінде үйлеріне қарғын су кірген тұрғындар мен олардың малы қауіпсіз жерге шығарылды. Доброжановка ауылында су әзірге үйге кірген жоқ, эвакуациялау мәселесі шешіліп жатыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, Тайынша ауданында әзірге 8 адам эвакуацияланды. 187 тұрғын үйі бар Красная поляна елді мекеніне бүгін сағат 11.30 шамасында қарғын су келген. Салдарынан 6 үйге су кірді. Екі баспана иесі үйінде болмаған. 4 адам эвакуациядан бас тартса, төртеуін құтқарушылар туыстарына апарды. Су басқан аумақтан 30 шақты мал шығарылды.
Черниговка елді мекенінде үйлеріне су кірген 4 адам және 14 үй жануары құтқарылды.
Осы күні 25 тұрғын үйі бар Доброжановка елді мекеніне де еріген қар суы кірді. Қарғын су бес үйдің ауласын басты.
Су келіп жатыр. Қазіргі уақытта тұрғындарды эвакуациялық пунктке және малды жергілікті шаруашылық аумағына көшіру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ, суды бұру жұмыстары қолға алынған.
Оқиға орнында СҚО ТЖД бастығы жүр.