СҚО тұрғындары медицина саласында қандай мәселелерге жиі шағымданады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы медициналық ұйымдарда 64 өрескел заңбұзушылық анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігі: емханаларда 660 жедел жәрдем бөлімшесі ашылды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Медициналық қызмет сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және заңсыз медициналық қызмет көрсету мәселелері өңірде өзектілігін жойған жоқ. Былтыр тұрғындардан жүздеген шағым түсіп, ол бақылау органдарының тексерісіне негіз болған.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, өткен жылы медициналық көмек көрсету және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасына қатысты 95 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 64 өрескел заңбұзушылық анықталды. Ең жиі кездескен кемшіліктер қатарында медициналық ұйымдардың стандарттарын сақтамау, диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамалары талаптарының орындалмауы, дәрілік заттарды өткізу қағидаларын бұзу және медициналық бұйымдарға сәйкестік сертификаттарының болмауы бар.

Сондай-ақ былтыр медициналық көмек көрсету сапасы, пациенттерді қабылдауды ұйымдастыру, еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын беру және медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау мәселелері бойынша департамент 358 өтінішті қараған. Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәрілік заттарды өткізу қағидаларын бұзуға қатысты 68 өтініш түскен.

— Сапасыз, жалған және тіркелмеген дәрілік заттарды анықтау мақсатында Департамент қызметкерлері прокуратура органдарының тексерулеріне қатысып, нәтижесінде тіркелмеген дәрілік препараттар анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша медициналық қызмет саласында 45 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 40 хаттама жеке тұлғаларға, 5 хаттама заңды тұлғаларға қатысты рәсімделді. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 1,15 млн теңгеден асты, — дейді департамент басшысы Айгүл Такеева.

Маманның айтуынша, фармацевтикалық бақылау саласында тағы 18 әкімшілік хаттама жасалып, олардың нәтижесінде 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның ішінде бір лауазымды тұлға, 14 жеке тұлға және үш заңды тұлға жазаланды.

— Лицензия беруге келер болсақ, былтыр медициналық қызметпен айналысуға 176 өтініш түсіп, 174 лицензия берілді. Екі өтініш заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды, — дейді Айгүл Такеева.

Департамент заңсыз медициналық қызмет көрсету фактілерін анықтау бойынша да жұмыс жүргізеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 424-бабы бойынша былтыр 22 дерек тіркелген. Жауапкершілікке 17 жеке және 5 заңды тұлға тартылды. Оларға жалпы сомасы 707 мың теңге айыппұл салынды.

Ал биыл дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мақсатында екі профилактикалық бақылау жүргізіліп, анықталған олқылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген. Сонымен қатар бақылау субъектілеріне бармай-ақ 45 тексеру өткізіліп, тиісті ұсынымдар жолданған.

Департамент мәліметінше, бүгінде СҚО-да 260 дәріхана жұмыс істейді. Оның 148-і Петропавл қаласында орналасқан. Соңғы жылдары өңірде дәріханалар саны айтарлықтай өскен. 

Бұған дейін ШҚО-да прокуратура араласқаннан кейін 811 тұрғын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін жазған едік.