СҚО тұрғындарына қоғамдық орындарға бармау ұсынылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің жетекшісі Серікбай Қасмақасов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте короновирусқа қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тұрғындарына қоғамдық орындарға бармау ұсынылды

Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, қазіргі басты міндет – жұқпалы індеттің елге енуіне жол бермеу.

«Өңір тұрғындарына Оңтүстік-Шығыс Азия, Гонконг, Жапония секілді және коронавирус инфекциясы күннен-күнге өршіп бара жатқан елдерге туристік сапарды кейінге қалдыруға кеңес беремін. Турфирмалар жұмсалған қаражатты қайтарып береді. Жолға шықпас бұрын дұрыстап ойланғаныңыз жөн, өйткені барып-келген жағдайда екі аптаға карантинде отырасыз», - дейді С.Қасмақасов.

Департамент мамандары тұрғындарды халық көп жиналатын орындарға барудан бас тартуға кеңес берді. Ал базарлар, сауда орындары мен қоғамдық көліктерде зарарсыздандыру жұмыстарын қолға алынуы тиіс.

«Кәсіпорындар мен ұйымдарды біз қазір тексере алмаймыз. Дезинфекция жүргізу қажеттігі базарлар туралы ережелерде жазылған. Олар міндетті түрде ғимарат ішінде ылғалды тазалау жүргізіп, зарарсыздандырып отыру керек. Мектептерде сыныптарда сабын болуы тиіс. Емдеу мекемелерінде іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Бұл мәселеге мән беруді сұраймыз. Қандай инфекцияның болмасын аэрозольды таралу жолы бар. Дезинфекцияны коронавируспен күресу үшін емес, қазір жүріп жатқан тұмау және ЖРВИ-дің таралуына жол бермеу үшін жасаймыз», - деді өңірдің бас санитарлық дәрігері.

6 қаңтар мен 2 наурыз аралығында СҚО-ға Қытай мен Оңтүстік Азия елдерінен 232 адам келген. Оның 11-і студент.

«Облыста аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Санитарлық-эпидемиологиялық орталық зертханасы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 236 мекенжайында орналасқан. Ол жерде облыстағы жалғыз вирусологиялық зертхана бар. Талдау 4-6 сағаттың ішінде дайын болады. Ол зерттеулердің сапасына толық жауап береміз. Коронавируске де диагностика жасаймыз», - дейді С.Қасмақасов.