15:21, 14 Қыркүйек 2021 | GMT +5
СҚО тұрғындарының 67 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңірдегі вакциналау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты вакциналау жұмыстары жалғасуда және біз оң нәтиже көріп отырмыз. Жыл басынан бері облысқа 289 мың доза 1 компонент және 277 мың доза 2 компонент жеткізілді. Вакциналау науқанына 102 екпе кабинеті, 62 жылжымалы бригада, 8 жылжымалы медициналық кешен жұмылдырылды», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта толық курсты 209 мың адам немесе 67% аяқтады. Халықтың 75%-ы (232 мың) вакцинаның бірінші дозасын салдырды.
«1200 адам вакцинаның 2 компонентін алғаннан кейін де ауру жұқтырған. Бұл вакцина салдырған адамдардың 0,56% құрайды. Аталған 1200 адамның 47%-ы ғана стационарлық емге жатқызылды», - деді А. Сақыпкереев.