СҚО тұрғыны алаяқтардың нұсқауымен 6 банктен 8,5 млн теңге несие алған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 524 интернет-алаяқтық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 % аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде интернет алаяқтықпен күрес және 9 айдың қорытындысына арналған брифинг өтті.
СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Жоламан Құмарбектің айтуынша, соңғы жылдары интернет-алаяқтық қылмысы артып келеді. 2019 жылы өңірде осындай 230 факті тіркелді, 2020 жылы - 495, 2021 жылы - 700, биылғы 9 айда - 524 құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 % аз.
«ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқық бұзушылықтың осы түрін жасағандарға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ауыр санаттағы құқық бұзушылықтар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - дейді тәртіп сақшысы.
Маманның айтуынша, мұндай қылмыстарды ашу және тергеу белгілі бір қиындық тудырады, өйткені ол трансшекаралық сипатқа ие, яғни қылмыскер басқа облыс, елден болуы мүмкін. Сондай-ақ интернет алаяқтар түрлі банк шоттарын, пластикалық карталарды, сондай-ақ үшінші тұлғаларға арналған әр түрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Құқық бұзушылықтың осы түрін ашу мақсатында заңнама аясында алынған барлық деректерді мұқият талдау қажет, оған белгілі бір уақыт қажет.
«Мұндай қылмыстарға қарсы шаралардың тиімділігін арттыру үшін республиканың басқа облыстарының, сондай-ақ басқа елдердің осындай қылмыстарды ашу мен тергеудегі тәжірибесі зерделенуде. Әр түрлі программалық-аппараттық кешендерді қолдану жоспарда бар. Бекітілген қызметкерлер тұрақты негізде арнайы оқытудан өтеді. Заңнаманы жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен өзара іс-қимыл жасау жөнінде Ішкі істер министрлігіне ұсыныстар жолданады», - дейді Жоламан Құмарбек.
Полицейдің айтуынша, алаяқтық жасаудың кең тараған тәсілінің бірі - өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыратын және клиенттің карточкасымен күдікті операциялар туралы есеп беретін алаяқтардың қоңыраулары.
«Петропавл қаласының полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны хабарласып, алаяқтарға жем болғанын айтқан. Әйелдің ұялы телефонына белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері деп таныстырған және оған несие бергісі келетіндігі туралы хабарлаған. Осыдан кейін қала тұрғыны нұсқауларға сүйене отырып, өз атына 6 банктен қарыз рәсімдеген. Келтірілген шығын сомасы 8,5 млн теңге. Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жасалған қылмысқа қатысы бар екі адам анықталды. Олар 4 және 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды», - дейді Жоламан Құмарбек.
Тәртіп сақшысы алаяқтан зардап шеккен жағдайда бірден полицияға хабарласуға кеңес береді. Көбіне интернет- алаяқтардың құрығына егде жастағы адамдар түседі, сондықтан қылмыстың алдын алу үшін туған-туыс, таныстармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.