СҚО заңгерлері халықты тегін қабылдап, кеңес берді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы аясында 600-ден астам тұрғын заңгерлердің қабылдауында болып, тегін кәсіби кеңес алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО заңгерлері халықты тегін қабылдап, кеңес берді

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметінше, «Халық заңгері» жалпыреспубликалық науқаны елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

«Бұл, еліміздің барлық ірі қалаларында өтетін жыл сайынғы іс-шара. Науқанды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, сондай-ақ Қазақстанның үздік заңгерлері және адвокаттары ұйымдастырып отыр. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, полицейлер, әділет, көші-қон полициясының қызметкерлері және мемлекеттік органдардың басшылары бар» - деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин.

Петропавлда шара «Dostyk Mall» сауда, ойын-сауық орталығында өтті. Онда түрлі саладан ұсынылған 30-дан астам кәсіби заңгер облыс орталығының тұрғындарына тегін заңгерлік көмек көрсетті. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізді.

Тұрғындардың дені жер қатынастары, мүгедектік беру, салық аударымдары, әлеуметтік қорғау, сот актілерін орындау, зейнетақы аударымдары, неке бұзу процестері мен мүлікті бөлуге қатысты мәселелер бойынша мамандардың көмегіне жүгінді.

«Танымал адвокаттар мен кәсіби білікті мамандардан тегін кеңес алуға мүмкіндік бергендері үшін ризамыз. Біз сияқты қарапайым азаматтарға пайдасы мол іс-шара. Әсіресе, заңгер Сергей Сизинцевқа алғыс білдіремін. Менің мәселемді бастан-аяқ тыңдап, оны шешудің жолын түсіндіріп берді», - деді акцияға келген қала тұрғыны.

«Халық заңгерінің» биылғы ерекшелігі – оның облыс аудандарында бір уақытта өткізілуінде. Осылайша ұйымдастырушылар шалғай орналасқан елді мекендердің азаматтарын да ұмыт қалдырмады. СҚО бойынша 600-ден астам адам мамандардың кеңесін алды.