СҚО және Ақмола облысындағы жабылған жолдарға түні бойы арнайы қоспа себілді

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы басшысының орынбасары Қанат Өсербаев өңірдің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Кazinform QazAvtoJol компаниясына сілтеме жасап.

қар
Фото: pexels.com

"Өткен түнде күре жолдардың жабық учаскелерінде (СҚО және Ақмола облысында) көктайғақты алдын-алу үшін 111 бірлік арнайы техника мен 260-қа жуық маман жұмылдырылды. Жолшылар 300 м3 құм-тұз қоспасын пайдаланды" делінген хабарламада.

Күн райының бұзылуына байланысты кеше «Көкшетау – Рузаевка» күре жолының екі учаскесі жабылды. Бірінші учаске – Ақмола өңірінің шекарасынан Рузаевка ауылына дейін (СҚО территориясы). Екінші учаске – Көкшетау қаласынан СҚО шекарасына дейін (Ақмола облысының территориясы).

Еске салайық, кеше сағат 20.00-ден бастап Ақмола облысында «Көкшетау – Атбасар» трассасында көліктің барлық түріне қозғалысқа тыйым салынды.