СҚО жастары Конституцияның маңыздылығы туралы айтты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы республикалық науқаны аясында «Конституция - Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО жастары Конституцияның маңыздылығы туралы айтты

«Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздіктің 25 тірегі» атты айтулы мерекеге 25 күн қалғандығына орай ұйымдастырылған іс-шараға ҚХА СҚО жастар қанатының өкілдері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. 

«Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігінің басшысы Әсемгүл Есқожа, науқанның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының негізгі Заңдарын зерттеу арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында Қазақстан Конституциясының дамуы, сот билігінің конституциялық негізі, медиация және өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің қызметі жайлы айтылды.

«25 жұлдызды күн барысында 18 облыстық іс-шаралар жоспарланған. Ең алдымен, бейбітшілік, достастық және келісім, еліміздегі этно-мәдени бірлестіктерді дамытудың маңызы туралы айтатын боламыз. Қоғамдық келісім форумы, «Жыл жәрдемшісі», Президент күні және Тәуелсіздік күніне орай жастар науқаны, этностардың облыстық форумын өткізу жоспарланды. Іс-шаралар 10 мыңнан кем емес тұрғыны бар аудандарда өтеді», - деп мәлімдеді Әсемгүл Есқожа.