СҚО жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар 5 есеге артты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Келер жылы Петропавлда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңа ғимараты салына бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы әкімдік отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, бұл барша заманауи талаптарға жауап беретін оқу корпусы болмақ.
«Көп жылдан бері біздің университеттің материалдық-техникалық базасы жаңартылмай келді. ЖОО ректоры құрылыс басқармасымен бірге жобаны әзірлеуі тиіс. Құрылысты келер жылы бастаймыз. Жарамсыз болып қалған ғимараттардың бір бөлігін басқа мақсатта пайдалануға береміз», - деді Қ. Ақсақалов.
Облыс әкімі, сондай-ақ биылғы гранттар саны шамамен 5 есеге - 1,5 мыңға дейін артқанын жеткізді. Соның 500-і «Серпін» бағдарламасының қатысушыларына, қалған мың грант ауылдық бітірушілерге арналған.
«Жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Шетелдік студенттер мен мамандарды шақырамыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Қазір университетте 5,5 мың студент білім алып жатыр, келер жылы олардың саны 7 мыңға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Жыл сайын ЖОО материалдық-техникалық базасы жақсара бермек», - деді СҚО әкімі.
Биыл өңірде Петропавл қаласындағы №1 лицей базасында ІТ-лицей, бұдан тыс, спорт колледжін ашу жоспарланған.