СҚО жолдарында «ақылды камералар» іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында бүгіннен бастап «ақылды камералар» саны артты.  Жол жүрісі қағидаларын бұзуды автоматты түрде тіркейтін құрылғылар саны өңірде осылайша 50-ден асып отыр.

СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста осы уақытқа дейін 2022 жылы орнатылған 30 құрылғы жұмыс істеді. Олар орнатылған учаскелерде адамдар зардап шеккен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. 

СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Осы жылдың сегіз айында бұл құрылғылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз заң бұзушылықты тіркеген, бұдан осы құрылғылардың жүргізушілерді тәртіпке келтіргенін байқауға болады. Облыста қаңтар айынан бері 297 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 23 адам қаза тауып, 405 адам жарақат алды. Бүгінгі таңда апаттылықты азайту – полицияның маңызды міндеттерінің бірі», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Аппараттық-бағдарламалық кешендердің тиімділігін және азаматтардың өтініштерін ескере отырып, облыстық полиция департаменті тағы 24 құрылғы алды. Олар қозғалысы көп учаскелерге орнатылған. Тағы 2 кешен темір жол өтпесіндегі, 3 кешен жаяу жүргіншілер өткеліндегі заң бұзушылықтарды тіркейді, ал 4 кешен патрульдік автокөліктерге орнатылған.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласы сыртындағы жолдардың қауіпті учаскелерінде «Кордон.Про» М аппараттық-бағдарламалық мобильді кешендері жұмыс істей бастады. Бұл құрылғылар жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану, жол таңбаларын елемеу секілді заң бұзушылықтарды тіркейді.

Бұған дейін бір топ жасөспірім оқушыны соққыға жығып, оны видеоға түсіргенін жазған едік.