СҚО жолдарында полицейлер дрон пайдалана бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жолдағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қадағалауда дрондар қолданыла бастады.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттары қалалық жағдайда бейнебақылаумен қамтылмаған жерлерде полицияның сенімді құралына айналуы мүмкін. Жоғарыдан қоғамдық орындарда темекі шегу, абаттандыру ережелерін бұзу фактілері айқын көрінеді. Бұдан бөлек, дронмен көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және т.б. заң бұзушылықтар тіркеледі.

Сондай-ақ дрондар трассаларда жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Қала сыртындағы жолдарда бұл аппараттар қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуды, маневр жасау ережелерін, жарық шамдарын пайдалану ережелерін бұзу сияқты деректерді анықтай алады. Тіркелген құқық бұзушылықтар жақын маңдағы полиция жасағына жіберіледі, одан кейін патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдайды.

- Полиция қызметіндегі заманауи техникалық құралдар – «Заң мен тәртіп» қағидатын тиімді іске асырудың қажетті құрамдас бөлігі. Дронды пайдалану – айыппұлдар мен хаттамалар санын көбейтудің тәсілі емес. Басты міндет – көшелер мен жолдарды әр адам үшін қауіпсіз ету. Дрондар қауіпті жағдайларды дер кезінде байқауға және қайғылы жағдайларды болдырмауға, қажетті шаралар қабылдауға көмектеседі. Бұл – адамдардың тыныш және жайлы өмір сүруіне тағы бір қадам. Бұл жұмыс полиция мен прокуратураның тығыз өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылып жатыр, - дейді тәртіп сақшылары.
Бұған дейін СҚО-да дрондар су тасқыны қаупін бақылау үшін қолданылып жатқанын жазған едік.