Скрининг әдісімен жасалатын дәрігерлік тексерістің сапасы артпақ
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бастамасымен «Әлеуметтік маңызды ауруларды ерте сатыда анықтау бойынша скринингті қаралуды тиімді өткізу» атты республикалық семинар өтіп жатыр.
2 күндік семинар барысында бірнеше маңызды мәселерді талдау қарастырылған. Біріншіден, халық денсаулығын алдын ала тексеру мен оның тиімділігін арттырудың халықаралық тәжірибелері, екіншіден, балалар мен ересектер арасында ауруды ерте сатыда скрининг әдісімен анықтаудың ұлттық бағдарламасын енгізу, үшіншіден әлеуметтік маңызды аурулармен күрес және салауатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді жолдарын іздестіру мәселелері жан-жақты талқыланбақ.
«Біздің мақсатымыз - бір ғана салаға, яғни тек қана скрининг әдісімен тексеріс өткізуге бағытталған арнайы мамандары бар аурудың алдын алу мен медициналық-әлеуметтік көмек бөлімшелерін көптеп ашу»,-деп, қолға алынған шараның қоғамдық маңызын айрықша атап өтті Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева журналистерге берген сұхбатында.
Сәуле Диқанбаеваның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда жатыр мен сүт безі қатерлі ісігі дерттері, қан айналым жүйесі аурулары мен туберкулезді ерте сатыда скрининг әдісімен анықтау мемлекет тарапынан толыққанды қаржыландырылып жатыр.
Дәрігерлік амбулаториляларда, аудандық, қалалық ауруханалардың барлығында дерлік әлеуметтік аурулардың алдын алу мен медициналық-әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерін ашу қолға алынып отыр.
Жыл сайын 2,5 миллионнан астам әйел адам жатыр мен сүт безі қатерлі ісігін ерте сатыда анықтау бойынша тексерістен өтеді. Бұл, Сәуле Диқанбаеваның пікірінше, учаскелік дәрігерге үлкен еңбек ауыртпалығын түсіреді.
«Скрининг әдісімен тексеріс өткізуге бағытталған аурудың алдын алу мен медициналық-әлеуметтік көмек бөлімшелерін ашу ең алдымен учаскелік дәрігерге жүктелген еңбек ауыртпалығын төмендетеді, халыққа көрсетілетін медициналық көмек пен аурудың алдын алу тексерісінің сапасын арттырады», - деді Сәуле Диқанбаева өз сөзінде.
Руспубликалық семинарға кардиология, онкология, радиология, көз аурулары республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мен Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген алғашқы медицианалық көмек көрсету мамандары қатысты.