Скриншоттың пайдасы: жұмыс берушінің қысымынан қалай құтылуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік еңбек инспекциясы құқығы тапталған әр жұмысшыға заңгерлік көмек көрсете алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов мәлім етті.

Скриншоттың пайдасы: жұмыс берушінің қысымынан қалай құтылуға болады
Фото: Kazinform/ЖИ

— Егер жұмыс беруші қызметкерден жұмыстан босату туралы өтініш жазуды талап етсе, Мемлекеттік еңбек инспекциясы осы қадамға бармауға кеңес береді. Мұндай өтініш тек қызметкердің өз еркімен қабылдаған шешімі негізінде ғана берілуі тиіс, — деді Ерлан Исмағұлов елорданың коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, жұмыс беруші телефон шалып немесе WhatsApp хабарламалары арқылы қысым көрсетуді жалғастырса, қызметкерді жұмыстан кетуге мәжбүрлесе, онда осы жазбаларды сақтап, скриншоттарын жасау керек. Бұл өз кезегінде кейіннен сот ісі үшін дәлелдемелік база қалыптастыру мақсатында қажет болады. 

— Құқығы бұзылған қызметкер Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады. Мемлекеттік орган заңгерлік көмек көрсетеді, талап-арыз әзірлейді, тиісті материалдарды жинақтайды және жұмыс берушіге қарсы сотқа талап-арыз беруге жәрдемдеседі, — деді департамент басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, компанияның ішкі тәртіп ережесі бойынша қызметкер арнайы киім киюге, уақытында байланысқа шығуға және клиенттермен сыпайы сөйлесуге міндетті болуы мүмкін. Алайда еңбек тәртібін сақтамаған қызметкерге жұмыс беруші кез келген жағдайда айыппұл сала алмайды.