«Славия» мен «Астана» арасындағы шешуші ойынға италиялықтар төрелік етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА Еуропа Лигасы топтық кезеңінің 6-туры аясындағы «Славия» - «Астана» матчына Давиде Масса басшылығындағы италиялық төрешілер бригадасы бекітілді, деп хабарлайды «Астана» ФК баспасөз қызметі.

«Славия» мен «Астана» арасындағы шешуші ойынға италиялықтар төрелік етеді

36 жастағы төреші осымен биылғы Еуропа Лигасындағы екінші кездесуіне төрелік еткелі отыр. Үшінші турда ол «Брага» - «Лудогорец» матчын басқарған болатын. Болгарлардың 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған сол ойында Масса 4 сары қағаз көрсеткен.

Ол төрелік еткен осы маусымдағы айтулы матчтардың қатарында «Ювентус» пен «Лацио» арасындағы Италия Суперкубогының ойыны да бар.

Давиде Массаға  Филиппо Мели мен Альберто Тегони көмектеседі, қосалқы ассистенттер: Паоло Мацолени және Антонио Дамато. Резервтегі төреші: Андреа Криспо. 

Матч Праганың «Эден Арена» стадионында желтоқсанның 7-сінен 8-іне қараған түнде Астана уақытымен 00:00-де басталады.