«Славян базарының» жүлдегері Жасмина Түзелова: Келесі мақсатым — Eurovision
АСТАНА. KAZINFORM — «Славян базары» өнер фестивалінің жүлдегері, қазақстандық әнші Жасмина Түзелова бала күнгі ең үлкен арманы — Eurovision ән байқауына қатысып, жеңімпаз атану екенін айтты. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында мәлімдеді.
Жас өнерпаздың айтуынша, халықаралық байқауға дайындық ұзаққа созылған. Репертуарды таңдағанда бірнеше ән қарастырылып, ақырында дауыс мүмкіндігіне барынша сай келетін шығармаларға тоқтаған.
— Байқауға ұзақ дайындалдық. Ән таңдағанда бірнеше нұсқаны қарастырдық. Ақылдаса келе, дауыс ерекшелігіме барынша сай келетін шығармаларды таңдадық. Соның нәтижесінде қазақтың халық әні «Сарыарқа» мен «Ромашка-Василек» әндерін орындадық, — деді Жасмина Түзелова.
Әншінің айтуынша, байқауда өзіне ерекше әсер қалдырған қатысушылардың бірі — Румыния өкілі.
— Маған Румыниядан келген қатысушының өнері қатты ұнады. Ол опера жанрында ән айтып, Димаштың репертуарындағы шығарманы орындады. Сондай-ақ Болгариядан келген қатысушының дауысы да өте әдемі болды, — деді ол.
Жасмина Түзелова «Славян базарындағы» жетістігі шығармашылық жолындағы маңызды белес екенін айтты.
— Өзім Eurovision ән байқауына қатысып, жеңімпаз атануды армандаймын. Бұл — менің ең үлкен мақсатым, — деді әнші.
Айта кетейік, өткен жылы осы байқауда Алмагүл Батталиеваға гран при жеңіп алған болатын.