Словакияның Жилина қаласында қазақ мәдениетінің күні өтті
ЖИЛИНА. KAZINFORM — 2024 жылғы 17 мамыр – Словакияның ең танымал туристік өңірлерінің бірі – Жилина өлкесінің астанасында қазақ мәдениеті күні өтті. Жилина қаласының әкімдігі мен Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылыққа бірге қарсымыз» ұранымен өткен іс-шара екі ел халқының қазіргі әлемдегі зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұрудағы достығы мен бірлігін білдіреді.
Ашылу салтанатында Жилина мэры Петер Фиабане қазақтың мәдени дәстүрлерімен жақынырақ танысуға және екі ел арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берген Қазақстанның этнографиялық тұсаукесерінің өткізілуін қошеметтеді. Зорлық-зомбылық пен төзімсіздікке қарсы словакиялық және қазақстандық қоғамдастықтың бірлескен іс-қимылдарының маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев мемлекет басшылығы атынан Словакия Премьер-Министрі Роберт Фицоның тезірек сауығып кетуін тілеп, оның Қазақстан-Словакия ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті. Көрмені ұйымдастыруға көмектескен Жилина өлкесінің билігіне ризашылығын білдірген Елші облыстық кітапханаға бейбітшілік, ізгілік және гуманизм биік мұраттарын насихаттаған Абайдың, Мағжан Жұмабайдың және басқа да қазақ қаламгерлерінің кітаптар жинағын сыйға тартты.

Қазақстанның этнографиялық көрмесінің құрметті қонақтарының қатарында Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрі Жоғары Мәртебелі Юрай Бланар мырза да болды.
Жилинаның тарихи орталығында – 700 жылдық тарихы бар Мариан алаңында бейбітшілік пен келісімді, үй ошағын, адам мен табиғаттың үндестігін бейнелейтін қазақтың дәстүрлі киіз үйі алғаш рет орнатылды. Көрмеге келушілер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген киіз үйдің безендірілуімен және оны жасаудың бірегей шеберлігімен танысты. Сондай-ақ Ұлы дала көшпенділерінің адамзат тарихында алғаш болып жылқыны қолға үйретіп, металл балқытып, дөңгелекті ойлап тапқанын, ал киіз үйді ойлап табу Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігін игеруге мүмкіндік бергенін білді.

Жилинаның бас алаңында Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көрегұлы», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» және басқа да күйлерді орындаған Оралдың «Арнау» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Словакия жұртшылығы домбыра, қобыз, шерте мен жетігеннің үнін жоғары бағалап, музыканттардың өнерін ұзақ қол соғып қарсы алды. Концерттен түскен қаржы Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына аударылады.

Жилинада өткен этнокөрме Словакиядағы қазақ мәдени іс-шараларының легін жалғастырды. Жилина өлкесі «Қазақ киіз үйі» көрмесі қойылған төртінші өңір болды. Бұған дейін дәстүрлі қазақ үйімен және этнографиялық тұсаукесерімен Братислава, Трнава және Банска-Бистрица өлкелерінің тұрғындары танысқан болатын.
