СІМ: Дмитрий Харристің нақты азаматтығын анықтау қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзін Ресей аумағында ұстап отырғанын мәлімдеген Дмитрий Харристің азаматтығына қатысты ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл туралы Сенаттағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді.

СІМ: Дмитрий Харристің нақты азаматтығын анықтау қажет
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Е. Ашықбаев бұл мәселеге байланысты Ресей тарапымен келіссөздер жүріп жатыр ма деген тілшілер сұрағына жауап берді және министрлік азаматтың өтінішін алғанын және тиісті органдармен байланыста екенін айтты. 

— Дмитрий Харрис жағдайы туралы мәселеден хабарым бар. Біз азамат Харрисовтың өтінішін алғанымызды растаймыз. Ресей Федерациясының құзырлы органдарының мәліметінше, аталған азамат Ресей Федерациясының да азаматы ретінде тіркелген, — деді Ержан Ашықбаев.

Оның айтуынша, келесі қадамдарды жасау үшін өтініш берушінің нақты қай елдің азаматы екені анықталуы қажет.

— Ең алдымен оның нақты қай елдің азаматы екенін нақтылау қажет. Осы мақсатта біздің Астраханьдағы бас консулдығымыз оның өзімен және Ресейдің құзырлы органдарымен тікелей байланыс орнатты, — деді СІМ басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ ол қазақстандық дипломаттар азаматқа қажетті консулдық көмек көрсетіп жатқанын айтты.

— Барлық қажетті консулдық қолдау көрсетіліп жатыр және алдағы уақытта да жалғасады, — деді Ержан Ашықбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Дмитрий Харрис өзін Ресей аумағында ұстап отырғанын айтып, Қазақстанның мемлекеттік органдарынан көмек сұраған еді.