СІМ Непал мен Тибетте жоғалған қазақстандықтарды іздеу барысы туралы жаңа мәлімет берді

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі Непал мен ҚХР Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отыр. 

Непал
Фото: Анадолы

Непал тарапының мәліметінше, Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды.

— Қазіргі уақытта зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың тиістілігі анықталып жатыр. ҚХР Тибет автономиялық ауданында ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қытай тарапы сонымен қатар мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстаннан келген үш турист хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген болатын. Екеуі Непалда, біреуі Қытайда делінген. Непалда болуы мүмкін деп саналған және хабарсыз кеткендер тізімінде тұрған олардың біреуімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат аймағына сапардан бас тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда.

— Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталған жоқ. Олардың туыстары анықтауға қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес, ДНҚ-ны талдау үшін биологиялық материал тапсырды, — делінген СІМ хабарламасында.

Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыста бола отырып, оларға қажет қолдауды көрсетуде.