Смағұл Елубай: Ұлы Тұран түгел түріктің арманы еді - сол арман ақиқатқа айнала бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның алдында тұрған өтпелі көпір кезеңі оңай емес еді. Алайда Көшбасшымыз - Нұрсұлтан Назарбаев бұл өткелден Қазақстанды аман есен-алып шықты.

Смағұл Елубай: Ұлы Тұран түгел түріктің арманы еді - сол арман ақиқатқа айнала бастады

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында жазушы Смағұл Елубай осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін де біз таңқаларлық тарихи күндерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені, біз президент дәл бүгін ауысады деп күтпеген едік. Бұл оқиғаны ертеңгі күндерден күтетінбіз. Алайда бәрі табанасты өзгерді. Елбасы президенттік билігін тоқтатты. Бұл өзі Елбасының жеті өлшеп, бір кескен дана шешімі болыпты. Осы орайда, кешегі бір сіздер бен біздер бастан кешкен өтпелі кезең аталатын тоқсаныншы жылдар еске түседі. Сол бір алмағайып тұста ел батасын алған Елбасы Алла деп тәуекелдің атына мінді, көш тізгінін қолға алды. Алайда алда тұрған өтпелі көпір кезеңі оңай емес еді. Ол көпірді көшбасшы бір қадам шалыс басса, шашылып қалу қаупі болды, ағайын. Бірақ, Көшбасшымыз бұл өткелден Қазақстанды аман есен-алып шықты», - деді жазушы.

Смағұл Елубай Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа Қазақстанның іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп, Арқа төсінде жайнатып жаңа астана салғанын атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азияның көшін бастады. БҰҰ-да билік айтты. Бұл біздің ата-бабамыздың өңі түгілі түсіне кірмеген оқиғалар еді. Құрметті әлеумет! Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағының астында отырмыз. Осы ордадан тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне бір жұлдыз көтерілді. Ол - Назарбаев жұлдызы еді. Ол жұлдыз күндіз-түні өз елін шырқау биікке шақырумен болды. Сол ұрандардан күндердің күнінде жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға - Назарбаев еді. Бұл дүмпу тау қопарып, тас жарды. Жас әрі жаңа Қазақстан өмірге келді», - деді жазушы.
null

Жазушы өз сөзінде осы жанартаудың ұшқындарындай әлем көгінде қаншама мәдениет, спорт жұлдыздары жанғанын, әлі де жанып тұрғанын атап өтті.

«Құрметті Елбасы! Осы биікте сіз тіл жұлдызымыз жансын деп жазуды латын қарпіне бұрдыңыз. Ең ірі реформа - осы еді. Өйткені, тіл жұлдызы жанғанда ғана - ел жұлдызы жанары хақ. Ендеше, ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», - деді ол.

Жазушы өз сөзінде киножобалардың дүниеге келгенін, әдеби жауһарларымыз әлем тілдеріне аударылғанын да атап өтті.

«Сіздің тапсырмаңызбен түгел Түркі бесігі - Түркістан түлей бастады. Енді бізді Әзірет Сұлтан басында, сіз көтерген ту астында түгел түркі бас қосар күнге жеткізгей. Ұлы Тұран - түгел түріктің арманы еді. Сол арман ақиқатқа айнала бастады. Сол үшін де сізге алғысымыз - алабөтен. Нұраға! Ұлт тарихында - Ұлы аға! Аман-есен жүр, Аға!», - деді Смағли Елубай.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.



Фото: qazaqadebieti.kz