Смарт қалалар санын арттырудың экономикалық тиімділігі зор – Мәжіліс депутаты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Алматы қаласында IT стартаптардың (қоғамдастықтың) өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда алматылық жастар депутатқа цифрлық талғамын жетілдіріп, өндірістік қауіпсіздік, сервистік қызмет түрлері, телемедицина салалары бойынша өз өнімдерін көрсетіп, осы саладағы бірқатар мәселелерді атады.
Жастардың айтуынша, венчурлық қаржыландыру мен инвестиция тарту мүмкіндігі өте аз. Бүгінде 90-95 пайыз IT маман иелері қолдаудың жоқтығы салдарынан басқа кәсіппен айналысуға мәжбүр. Ал кәсібін сәтті жалғастырып келе жатқан әртүрлі он стартаптың өкілдері ағартушылық мақсатпен қауымдастыққа бірігуде.
Депутат атап өткендей, қазір ақпараттық технологиядан хабары бар әрбір қазақстандық күніне кемінде 100 минут уақытын интернетке жұмсайды.
Сарапшылардың есебінше, смартфон иелерінің 60 пайызы мобильді интернетті өте белсенді пайдаланады. Ақпараттық қосымшалардың арқасында адамдар күнделікті тұрмысын өз уақыты мен ыңғайына икемдеуге әуес. Инновациялардың көмегімен күрделі іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін уақыт тығыздығы, жер қашықтығы деген ұғымдар кедергі болудан қалып бара жатқаны да рас.
«Технологияның дамуы біздің де талап, талғамдарымызды өзгерте бастады. Әсіресе, тұрғындар мен қалалық кеңістіктің қарым-қатынасынан үлкен жаңашылдық анық сезіледі. Телефонмен такси шақыру, тамаққа тапсырыс беру, сан алуан төлемдерді жасау, құжат алу, дәрігерге жазылу сияқты толып жатқан тың жаңалықтардың куәсіміз. Осылайша, ақылды - сандық кеңістікті (қала, ауыл) жедел қалыптастыру мемлекетіміз үшін өте маңызды шаралардың бірі», – деді Ғазиз Құлахметов.
Депутаттың пікірінше, елімізде смарт қалалар санын арттырудың экономикалық тиімділігі зор.
Бүгін сонымен қатар Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жамалов Аманжан Оралдағы 25-ші Чапай дивизиясы көшесіндегі жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысты.

Нысанның жұмыстары өткен жылдан бері жүргізіліп жатқандықтан, 90%-ы дайын.
Қазіргі таңда 25-ші Чапай дивизиясы көшесінде таңба салу, жол белгілерін орнату, жол бойындағы арықтарды қазу, жол съездерін жасау жұмыстары жүргізілуде.
Өз кезегіндеАманжан Жамалов Орал қаласының ішкі қалалық жол жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанына назар аударды.
«Сайлау алдындағы науқан кезінде жөндеуді қажет ететін мектептер, ауруханалар ретке келтіріліп, қала көшелерінде жолдар салынады деп уәде берілді. Өңіріміздегі жол құрылысы мәселелері де облыс тұрғындары үшін маңызды екендігі белгілі. Сондықтан бұл жұмыстарға ерекше ден қойылып, сапасына баса назар аударуымыз қажет. Біз өңірлерге сапар барысында сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалаймыз», – деді.

Сондай-ақ Жамалов Аманжан бірнеше күн ішінде облыстың бірқатар аудандарына барып, әлеуметтік нысандарды, инженерлік коммуникацияларды жөндеу және құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындардың тілектері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жергілікті және республикалық деңгейдегі уәкілетті органдар алдында көтерілетін болады.